Әр ұлттың бітім-болмасы мен руханияты, салт-саласы, дәстүрі мен мәдениеті өзінше ерекше, өзектілікке толы. Ұлт руханиятының қайнар көзі-ұлттың тілі, діні, білімі мен ғылымы, мәдениеті, ділі, өткен тарихы. Руханият адамзатқа осылар арқылы дариды. Руханиятты қадірлеу ұлт болашағының жарқындығының желеушісі.
Руханият -адамның дүние танымымен тығыз байланыста, сол себепті, моральдық қазынасына, санасының жоғарлығына, адамгершілік қасиеттерінің молдығына тікелей әсер ете отырып, адамзатты рухани бостандыққа жеткізеді.
Діни руханилық қаншалықты қазақ қоғамымен байланысты? Тарих қатпарларына зер салсақ, қазақтың далалық өркениеті сонау көшпелілер мәдениетіне негізделіп, дүниетанымына дәстүрі ислам құндылықтарын қолдану арқылы дамығанын көреміз. Ислам дінін қабылдау, руханиятқа жол ашып, мәдениет пен ғылымның, білімнің бірлесе дамуына жетеледі. Ата-бабаларымыз ислам дінін қабылдау арқылы, арабтық ассимиляцияға ұшыраған жоқ, керісінше, дәстүріміз бен мәдениетімізге ене отырып, ислам діні, төл тума руханилығымызбен біте қайнасып кетті. Өсіп өркендеу байқалып, орта ғасырдан мұсылман ренессансы кеңінен тарады. Тарих тереңінен бастау алатын қазақы мәдениетіміз, дәстүрі мен философиясы осылайша қазіргі діни руханилықпен тығыз байланысты. Ашып айтқанда, дін руханияттың, дәстүрлі қазақы қоғамның тірегіне айналды.
Діни таным жүйесін қалыптастыру қоғамға байланысты. Дін адам баласын тек жақсылыққа жетелейді, қайырымдылыққа, мейірімділік пен кішіпейілділікке, құрмет пен адалдыққа, оқу мен білім алуға, әрдайым имани жолда болуға үйретеді. Діни сенім адамды біріктіретін, қоғамда тұрақтылық пен бейбітшілікті арттыратын күш. Жеке адам мен қоғам арасындағы қарым-қатынасты имани түрде жүйелестіріп, ішкі тұрақтылықты сақтайды. Діни руханият осылайша, дара адам мен қоғамды, қоғам мен мемлекетті руханилық арқылы адами құндылықтар мен ортақ идеяларды сеніммен реттеп, ішкі тұрақтылық кепілі атануда. Негізгі фактор халықтың дінге ықыласының жоғарылығы, ұлттың рухани құндылықтарының діни қағидаларымен бір үндес болуында.
Д.Меліс,
Дінтану мамандығының 4 курс студенті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті.
Нұрзат Мұқан,
Жетекші: аға оқытушы, PhD,