Жазиралы Жетісу өңіріндегі қарт Қысқаш тауының солтүстік батысындағы бұйраттанған қырлар, жалға айналған жондар мен ұшы- қиырына көз жетпес ақселеулі аңызақ жоталар ықылым заманнан бері талай тарихи оқиғаларды басынан өткерді. Осы маңайдағы «Мәмбетбайдың құс жотасы» аталатын қыраттар қаншама тарихи жәдігерлер, күн өткен күмбездер мен ескірген ескерткіштерді бауырына басып, өр рухты бабаларымыздың ерлік істері, келмеске кеткен қыршындардың алып күші мен абыз ақсақалдардың ақылды шешімдеріне мың мәрте куәгер де болды.
Асылында, Қырыққұдық-Мамбетбай атауын иеленген бұл иен даланың құба жонында жортқан жолаушының көзіне алыстан «мен мұндалап» шалынатын бірнеше күмбез бен мазар басқаларынан өзгеше оқшауланып тұрады. Сол күмбездің біреуі — аз ғана ғұмыр кешкенімен, маңайына жұмбаққа айналып аты қалған, қалың Найманның ішіндегі Садырдан шыққан Жанақ, Майлы батырлардың тікелей ұрпағы Қапсалаңға тиесілі. Ел аузындағы әңгімеге сенер болсақ, Қапсалаң балуан мөлшермен 1857 жылдары мына пәни дүниенің есігін ашып, 1886 жылдары мәңгі бақилық болған сыңайлы.
Маңғаз жатқан мына жусанды даланың солтүстігіне қарай, Балхаш көліне Аягөз өзенінің ұмсына келіп құятын тұсы ежелден Дүзағаш деп аталынады. Дәл осы маңайды XIX ғасырдың екінші жартысында Аягөз сыртқы округінің аға сұлтаны Бексұлтан Ағадайұлы жайлап, жалпақ елге билік жүргізген екен. Бұл өз заманында көп білетін көреген, байлығы аста төк, сұңғыла саясаткер адам болған сыңайлы. Ол адуынды Алакөл өңірін билеген белгілі Ағадай төре ұрпақтарының бірі, осы Ағадай қайтыс болғаннан кейін, ел басқару ісі Бексұлтан төреге тиеді. Ал, атақты Бексұлтан Ағадайұлы болса, 1846 жылы Ұлы жүздің бес руы билеушілерінің Ресейге өз еркімен қосылуға ант беретін әйгілі Шұбарағаш-Ойжайлау кеңесіне қатысып, Жетісу қазақтарының атынан Санкт-Петербургте патша ағзамның қабылдауында болған саяси тұлғалардың бірі.
Ол кісі қартайған шағында, мұсылмандықтың бес парызының бірі болып саналатын қажылық сапармен Меккеге жолаушылап, осынау қатерлі жолда үлкен қауіпке ұшырап, атқосшы баласының тапқырлығы мен қажыр-қайратының арқасында аман-есен туған еліне оралады. Шыбын жанының құрбандыққа шалынбай қалғанына шүкіршілік еткен әрі қажылық мәртебесін құттықтай келген ел-жұртының көңілін аулау мақсатында Бексұлтан төре маңайындағы Керей, Арғын, Найманның ішіндегі Садыр, Матай, Қаракерей руларының игі-жақсыларына хабаршылар аттандырып, ат шаптырып, ұлан-асыр той жасайтыны жайлы жалпақ елге жар салдырады.
Бұл хабар Садырдың бес болыстығында батырлығымен де, байлығы арқылы да әйгілі болған Жанақтан тарайтын Құдайменде бай мен оның ұлы жиырма тоғыз жасар Қапсалаңға да жетеді. Халық арасындағы беделі зор, атына заты сай Құдайменденің сан жетпес қалың жылқысы түске қарай Қырыққұдық-Мамбетбайдың қырынан Лепсі өзеніне шұбап түсіп, басын суға салғанда, өзеннің аяқ жағы қайраңданып, шоршыған балығын маңайындағы жұрт қолымен ұстап, қарқ болады екен деген аңыз бар.
Жас көңілі алып-ұшқан Қапсалаң да арғы бабасы Жанақ батырдан бері үзілмей жалғасып келе жатқан шұбар жылқылар үйірінен «Бәйгешұбар» атты сәйгүлігін таңдап, мына ұлы дүбірге атсалысуға бел буады. Әр рудың бетке ұстар, желмен жарысқан бәйге аттары қосылатын бұл дүрмекте той иесі Бексұлтан төре де өзінің атағы алысқа кетіп, осы өңірде бәйгенің алдын бермей жүрген «Ақ желке» атты жүйрігінің бағын тағы бір мәрте сынағанды жөн санайды.
Ұзын саны жүз жетіге толған бәйгі аттарына бақылау жасау үшін Садыр, Матай, Қаракерей елдерінің әрқайсынан екі ат айдаушыдан белгіленіп, олар бәйгілермен бірге Арғанатыны бетке алып жүріп кетеді. Ақтоғайдан ары кетсе алты-жеті шақырым жерде орналасқан Дүзағаштан шыққан сәйгүліктердің Арғанаты тауының бауырынан бері қарай шабатын ара қашықтығы қырық шақырым болса керек.
Бұлардан бөлек сақтық шараларын жүзеге асыру мақсатында, әрі тыңнан ат қосылып кетпеуі үшін әрбір биік төбенің басына шолғыншы-күзетшілер қойылады. Қалың жұртшылық айдалған бәйгі аттарының қайтып келер уақытына дейін қарап отырмай, той көрігін қыздыратын әртүрлі ұлттық ойындарды да бастап кетеді. Көңілі көтеріңкі тойшыл қауымның назарын өзіне аударатын дәстүрлі күрес ойындарына, әр елдің жауырыны жер иіскемеген балуандары жиналып, күрес алаңының айналасына алқа-қотан жайғасып үлгереді.
Дода басталған соң, әлден уақытта ортаға алшаңдай басып шыққан Арғын руының бас балуаны Арықсарының сұсы мұндағы бар балуанның меселін қайтарып тастағандай болды. Бұл жауырыны жерге тиіп көрмеген мықтының нағыз дандайсып жүрген кезі болса керек, алаңға шыға сала қалың жұрттың жігерін жаншып, бейне бір мұқатқандай: «Бұл Найман менімен белдесер ұл туды ма, екен?!» деп даурығады.
«Әй, қарағым, бір рулы елді кемсітпе, мынауың барып тұрған күпірлік» дегендердің сөзін кеудесіне нан піскен Арықсары елең де қылмайды. Оның мысы басқан балуандар да, басқа жігіттер де бір сәтке төмен қарап, жер шұқып, үнсіз қалды. Осы кезде, топ арасынан шыдамаған бір қарияның «Бұл елде анадан асып туған алып пен ер жоқ деймісің, түге! Кәні, шығыңдар ортаға, жығылсаңдар жер көтереді! Намыс қайда, жігіттер!» деп саңқ еткен үні, айналадағыларға дем бергендей болды.
Ақсақалдың айқайына дейін-ақ делебесі қозып, денесі бір ысып, бір суып дірілдеп-қалшылдап әзер тұрған жас Қапсалаң «Аруақ! Аруақ! Мен бармын» деп, айқай сала, алға ұмтылды. Алаң ортасына жеткен тұста, тізерлеп отыра қалып, қара жерді бір қарпып, алақанына түскен жусан аралас топырақты қос қолымен уқалап жіберіп, маңайына лақтырған бойда, қайтадан денесін тіктеп алды. Жастайынан жылқымен алысып, шу асауға бұғалық тастап, құр қолымен қылғындырып жүрген Қапсалаңның бұлшық еттері әп сәтте бұлтылдап ойнап қоя берді.
Арықсары палуан болса, аруақ шақырғаны болмаса, анық жеңіліске өзі тіленіп тұрған мына бір оғланға қарай, менсінбей менмен басып жақындай берді. Дегенмен де, жас жігіттің жанкешті түріне қарап, оның түк аянып қалмайтынына да шәк келтірмегендей. Енді бір қас қағымда, қос балуан бір-біріне қол салып, қоян-қолтық ұстаса кетті. Сәтін салғанда, Қапсалаңның оң қолы Арықсарының мойнына бірінші болып ілініп, одан ары сырғып барып бұғанасына тоқтады. Бұдан ары еш іркілудің қажеті жоқ екенін іштей сезген жас жігіт бар күшін салып, бір қолымен қапсыра құшақтап, екінші қолымен бұғанадан ұстаған бойда Арықсарыны алып ұруға ыңғайланды.
Бірақ, барлық салмақты сонда салғаннан болар, әлде әлеуетті қолдың қысымына шыдамағаннан ба екен, әйтеуір, бұғана «бырт» ете түсті, сол мезетте сынықтан қатты ауырсынған Арықсары да шөге түсіп, көзді ашып жұмғанша Қапсалаңның астында қалай қалғанын өзі де аңдамай қалды. Қаумалаған жұрт «аруағын» шақырып, айғай-шуға басып, мерейі өскен қабыландай Қапсалаңын төбесіне көтеріп, бар қошеметін көрсетіп жатты.
Әне-міне дегенше, Арғанаты жақтан әр жерден бір будақтала көтерілген шаңдар көкке шаншылып, аттардың алдыңғы легінің таяна бастағанынан хабар берді. Бәйге төбеге жиналған қалың жұрттың дегбірін қашырған бәйгі аттары да көз жетер жерге жақындай түсті. Ел енді байқады, тақап қалған арғымақтардың ең алдында бір-бірімен ерегісе шапқан қос тұлпар құйындатып қатар келе жатыр екен.
Оның бірі шәу тартқан, қартамыс Бексұлтанның «Ақжелкесі» болса, екіншісі жасындай жарқылдаған Қапсалаңның «Бәйгешұбары» екенін қалың нөпір қапысыз таныды. Жиналған жұрттың даңғаза айғай-шуына еліріп, бойындағы барын салып, құйғытып келе жатқан қос сәйгүлік көмбеге иық тіресе, қатар келгенімен, мәреден «Бәйгешұбардың» басы озыңқырап өткенін көзі қарақты ағайын бірден байқады.
Билігін білдіретін төре мен анығын айтар төрешілерден шындық қашып, екі жақ ұзақ айтысып, даурығып дауласа келе, келесі күнге дейін тынықтырып алып, тек қос сәйгүлікті ғана қайта бәйгеге қосатын болып келіседі. Ертеңгі күнгі бәсеке бәйгеде ауыздығын қаршылдата шайнап, тізгінін жұлқа тартқан «Бәйгешұбар» көмбеге оқ бойы ойқастап, бірінші болып жетеді.
Бір жағынан, атақты Арықсарыны жеңіп, мерейі тасып, кеудесіне желік біткен, екінші жағынан Бексұлтан төренің кешегі әділетсіздігіне қаны қарайып, зығырданы қайнап жүрген Қапсалаң игі-жақсылармен бірге «Бәйге төбе» басында жайғасқан Бексұлтан төреге қарай тұра жүгіреді. Келген бойда тепсініп тұрып: «Ей, соқыр төре, аш көзіңді, көтер бері басыңды! Мұнда әкел, Бәйгешұбарымның бәйгесін» деп айғай салған екен.
Жас жігіттен мұндай оғаш қылық пен ызғарлы сөз күтпеген халайық бір сәт сілтідей тынады. Бір округ елді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап, қашанда үстіңгі қабағы салбырап, бір көзін толықтай жауып жүретін, азуы алты қарыс Бексұлтан төреге «соқыр» деп айтпақ түгіл, бұл жақтағылар оның маңайына жақын жүруге сескенетін.
Намысы тапталып, кәртейген шағында тұщы етіне ащы таяқ болып тиген мына сөзді сұлық отырып, сабырмен тыңдаған Бексұлтан төре тұнжыраған қабағын бір қолымен көтеріп, танымаған адамның кейпімен Қапсалаңға сұқ көзін қадап: «Мына жетесіз бәтшағар, кімнің баласы еді?» деген екен. Маңайға лық жиналған халық «Садыр Құдайменде байдың ұлы Қапсалаң» деп шу ете қалған көрінеді. «Е, болайын-ақ деп тұрған бала едің, қайтейін, бірақ енді көп жүре қоймассың, көпке жүрмегір!» деп сұрланған Бексұлтан төре қабағын қайта жауып, бетін қос қолымен сипай салыпты.
Айналадағы ағайынның айтуынша, Бексұлтан төре ешқашан осы көзін жапқан қабағын ашып, ешкімге де, ештеңеге де сұқтанып қарамаған. Алда-жалда қарады екен, көзінің сұғы жанды да, малды да сұлатып салады екен.
Той тарқап, күрестің де, ат жарыстың да бас бәйгесін олжалаған Қапсалаң масаттанған қалпы серіктерімен бірге Қысқаш тауының батысын ала орналасқан мекеніне қарай бет түзепті. Ауылына жеткен бетте «апырмай, маған не болды, ту сыртымнан шаншиды, жауырыным садақ оғы тигендей сыздап барады» деп айтып үлгерген Қапсалаң, астына мінген атынан жерге аунап түскен екен. Сол құлағаннан, төсек тартып, қимылсыз жатып қалған Қапсалаңның арқа тұсы қап-қара даққа айналып, өзі көп ұзамай қатты қиналып барып, дүние салыпты. Бұл аяқ астынан айтпай келетін ажал оғы ма, жоқ әлде, айтқаны қате кетпей келетін дуалы жанның қарғысы мен көз сұғы ма, ол жағы бір Аллаhқа ғана аян…
Жалпы, тіл-көздің тиюі — дәстүрлі қазақ қоғамында ертеден келе жатқан наным-сенімнің бір түрі. Бабам қазақ бағзы заманнан бері жұртқа жаққан жақсы жігітке, айдай сұлу қызға, жүйрік атқа, жас нәрестеге, тіпті, адамның дәулеті мен атақ-абыройына да көз тиеді деп ойлаған және соған иланып сенген. «Тіл бас жарады, бас жармаса тас жарады» деген халық мәтелі де осыдан келіп шықса керек. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.с.) «Көз тию — бұл аль-хакк» (ойдан шығарылған емес, өмірде бар шынайы құбылыс) деген екен, яғни бұл шариғат арқылы да расталған дүние. Ислам дінінің ғұламаларының бірі Ибн аль Джавзи: «Көз тию біреудің ісіне іштарлықпен қатты қайран қала қараудың негізінде пайда болады және ол қараған адам тарапынан залал тигізуді ойлау арқылы улы жәндік шаққанындай әсер етеді,» — деп ақиқатын айтқан.
… Айтып-айтпай не керек, қан жылаған ағайын-туысы күңірене жүріп, қалың жылқының қылы мен сансыз ешкінің тоң майын араластыра отырып, Қапсалаңның күмбезіне арнап сан мыңдаған кірпіш құяды, ғасырлар бойы тұрса да, шыдас беретін ұзындығы 5-7 метрге жететін сырғауыл, бөрене ағаштармен күмбездің төбесін жауып, терезелеріне жақтау мен кіре берісіне оюлап әдемі есігін жасатады. Табалдырығына жалпақ тас төсейді.
Көзі тірісінде байлығы асып, жігері тасып, меселі қайтпаған жас жігітке мазар салу үшін алыстан арнайы шебер алдырылып, эскизі сызылады. Оңтайлы орнын белгілеп, қабырғаларын қалыңдығы екі метрге жуық етіп, сапалы кірпіштен өріп шығады. Көктерек өлкесіндегі архитектуралық ансамбльдердің ішінде Қапсалаң күмбезі өзінің келіскен келбеті мен айшықтылығы, биіктігі мен ауқымы жөнінен басқаларынан керемет ерекшеленіп, сәулетіне сәні жарасып, құдіреттілігімен көрген жанның көз жауын алады.
Аңдамай сөйлететін албырт жастық пен қапысыз кетпейтін көз тиюге қойылған ескерткіш іспеттес, сол күмбез күні бүгінге дейін айдаладағы жел өтінде қасқайып, өткен-кеткен жолаушыларды «ақырын жүріп, анық басатын» сабырлылыққа шақырып тұрғандай.
Есенай Іңкәрбаев.