Наурыз мейрамы — ежелден келе жатқан ең көне мейрамдардың бірі. Наурыз-көктем мен еңбектің, достық пен бірліктің мейрамы болуымен бірге халқымыздың салт-дәстүрлерін құрметтеп, ұлттық қасиеттерімізді бойымызға сіңіріп, жан-жақты дамыған өнегелі азамат тәрбиелейтін ұлттық мейрамымыз болғандықтан осындай мақсатта Қарауылтөбе орта мектебінің «Күншуақ» шағын орталығында «Наурыз –ұлыстың ұлы күні» атты ертеңгілік болып өтті. Ертеңгілігімізді оқу ісінің меңгерушісі Қасымбаева Гүлнар Жеңісқызы өзінің ақ тілегімен ата-аналарды, қонақтарды, бүлдіршіндерді Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, жақсы тілек айтып, ашып берді. Қазақтың бір салты деп шашу шашылып, Ұлыстың ұлы күні қазақ даласын Қыдыр ата аралайды деген сеніммен ортаға ақ шапан киіп, ақ сақалды Қыдыр атамыз Тоғанбаев Кыйзат Какибайұлы келіп балаларымызға ақ тілегін айтып бата берді. Наурыз-бақыттың бастамасы, ұлылықтың ұйытқысы, жақсының жаршысы,ынтымақтың белгісі халық қастерлейтін күн болғандықтан ортаға Айтқали Өркен мен Темірғали Ернұр батырларымыз шығып төс қағыстырып бір-бірімен аман-саулық сұрасып,Наурызға арналған тақпақтар айтылды. Ұлдарымыз «Шабандоздар» биін билеп өнерлерін көрсетсе, қыздар «Домбыра» биін орындады. Ұлттық ойындар қол күрес, арқан тартыс ойындары ойнатылды. Осындай ұлы мерекеде аяқтарын апыл-тапыл басып балабақша есігін ашып отырған 2-жасқа толған Мұрат Әмірдің тұсау кесу рәсімі жасалды. Әмірдің әжесі Дюсупова Жұмкен Каптановна шашуын шашып,ақ батасын берді. «Адамға алғыс айтпағанның, Аллаға шүкірі жоқ»демекші, Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесіне орай «Күншуақ» шағын орталық бүлдіршіндеріне қазақтың ұлттық домбырасын сыйға тартып ,демеушілік көрсетіп, игі іс істеп жатқан Қабанбаев Мұхит Тұрсынғалиұлына шағын орталық атынан және ата-аналар атынан алғысымызды айта отырып деніңізге саулық,отбасыңызға амандық, көпшіліктің алғысына бөленіп жүре беруіңізді тілейміз. Осындай балаларға демеушілік көрсететін жомарт жанды адамдар көп бола берсе екен дейміз!
Толқын Кемербаева,
Қарауылтөбе орта мектебінің «Күншуақ» ш/о аға тәрбиешісі.