Тоқсанның төріндегі текті анамыз

Біле білген адамға әйелдің ең зор бақыты ана болу, өмірге ұрпақ әкелу, артына із қалдыру. Өйткені ана – тіршіліктің көзі, тіршіліктің нәрі. Сондықтан да ардақты Батыр ана, 11 бала өсіріп, 30 немере, 40 шөбере сүйіп, ұрпағының ортасында 90 жасқа келіп отырған Гүлбисара Бүркітбекқызы Беркінбаеваны айналасы қадір тұтады. 1952 жылы алғыр да білікті жас Сламжан Қағазбекұлы Сәрсембаевқа тұрмысқа шығып, ынтымақты да шұғылалы шаңырақтың алтын діңгегіне айналған аяулы ананың өткен күнге өкпесі жоқ.

Бисара ана айтады:

-Балаларымның  аялауында отырғаным үшін құдай қосқан өмірлік қосағым Сламжанды күніне қанша мәрте еске аламын. Осыдан 18 жыл бұрын бақи дүниеге аттанғанымен ұрпақтарының арқасында жадымыздан бір сәтке өшіп көрген жоқ,-дейді Бисара анамыз.

Жаратылысынан есті, ұстамды, кісілігі мол адам қартайғанында да әдемі қартаяды. Неге десеңіз, сол өзінің бойына біткен жақсы қасиеттері көпті көрген өмір тәжірибесімен молыға түсіп, айналасына ақыл-парасатымен сүйкімі асып, құрметке бөленіп, ұлағатты жанға айналады. Осындай қадір-қасиетке ие Бисара ана өзегін жарып шыққан 11 перзентінің ешқайсысын алаламайды. Тұңғышы Азамат аудан шаруашылықтарын басқарған, аудан тізгінін ұстаған, қазір зейнеткер, Сарқан ауданының Құрметті азаматы. Салауат Алматы облысының денсаулық сақтау саласының ардагері, Ақсу ауданының Құрметті азаматы. Жарқын зейнеткер, Астана қаласында тұрады. Талғат Семейде жаттықтырушы. Қайрат Сарқанда шаруа қожалығының иесі. Санат Өскеменде, Шығыс Қазақстан облыстық сот төрағасының орынбасары. Еркін жеке кәсіпкер. Ғалия зейнеткер, Әлия Қызылорда облыстық зейнетақы төлеу орталығының басшысы.  Забилә зейнеткер, Бақытгүл мұғалім. Келіндері де, күйеубалалары да енесін анасындай көріп, өнегесін үйреніп келеді.

Бисара ана айтады:

Күйеуіңнің елге сыйлы азамат атанғаны – бұл әйелге екі айналып келе бермейтін бақ. Түсінігі бар әйел еріне еркек деп қарамай, пірім, құтым деп қарау керек. Келіндерімнің санасына алғашқы күннен бастап осы ақылды сіңіріп келемін.

Бисара ана келін боп түсісімен абысынды екі ененің бірдей тәлімін алыпты. Тұңғыш перзенттері дүниеге келгенде екі енесінің арқасында ештеңеге де алаң болмаған көрінеді.

-Осы күнгі келіндер ененің қадірін біле бермейді. Түсіне білгенге үлкендер қазына ғой. Бүгін келіндеріме азды-көпті қадірім болса  сол аруағыңнан айналайын аналардың арқасы,-деп санадан өшпеген жастық шақтан қалған есті естеліктерімен бөліседі батыр ана.

Әлі күнге дейін атын атамай әспеттеп отырған абысынды екі ананың есімдері Гүлжамилә мен Мәрия екен. Сол кісілерден бастау алған сыйластық бұл отбасының балаларын да айрандай ұйытып, сабақтасып келеді. Қоңсы-туғандардың қай-қайсысы да Бисара ананың сырбаз кескіні мен сабырлы болмысын сүйсіне әңгімелейді.

Жасы ұлғайса да сергектігін жоғалтпаған сұңғыла қариямен әңгімелескеннің өзі бір ғанибет. Оның аузынан талай тағылымды сөз естуге, үйренуге болады. Біз жол түскенде Бисара анамызбен жүздессек аналық мейірімге толы өнегелі лебізімен сусындап қайтамыз. Қанша тыңдасаңыз да көңіліңіздің төрінде айта берсе екен деген сезім ұялайды.

Бисара ана тоқсанның төріне сергек шыққанын еңбектің арқасы деп біледі. Жастайынан ерінің қас-қабағына қарап, қиын сәтте демеу бола білген бұл кісінің жұмыстың қиындығынан қорыққан кезі жоқ.  Ақсу ауданындағы Қаракөз ауылында батыр ананың еңбекқорлығын білетіндер қатары әлі де бар. Отбасының махаббатын, зиялы ортаның тәрбиесін сезінген Бисара ананың ісі мен сөзі ұштасып, ұрпақтарына өзін тәңірдей сыйлатып келеді. Қай кезде де байсалдылығынан танбайтын, кейінгіге ілтипатпен қарайтын үлкен жүректі батыр ананың бақытына сүйсіне, қызыға қарайтындар баршылық. Ауданымыздағы санаулы “Мерейлі отбасылардың” қатарында Сәрсембаевтар әулеті алдымен ауызға ілінеді.

Бисара ана айтады:

– Жас келді деп қол қусырып отыруға дәтің шыдамайды. Балаларым демал десе де қолымнан келетін шаруаны атқаруға асығамын. Өмір дегеніміз – қозғалыс. Әдетте қол тимейді дегенді уақыттың қадірін білмейтін кісі айтады. Үй жұмысымен қоса құрақ құрап, балаларымның жеңіл-желпі киімдерін өзім пішіп-тігетінмін. Қанша бар болса да бұрынғылардан қалған аталы сөзді – «Ағадан қалғанды іні киіп өседі, ападан қалғанды сіңлі киіп өседі, көргендерін бойына түйіп өседі» дегенді естен шығармай, балалардың бірінің терін біріне сіңіріп өсірдік. Содан қайсысы кем болды? Қазіргілер дүниенің парқын білмей өсіп келеді.

Бұл кісінің кәрі құлағы “әйелден әдеп, қарттан сый кетіп, ер адамның құны кеміген заман ғой” деген сөзді естіп қалады. Заманнан көретін ешнәрсе жоқ. Бәрі адамның қолында. Заманың оқы, еңбек ет, мамандық ал, қалаған кәсібіңді атқар деп еркіндік берді. Бірақ әдебіңнен айырыл, қайырымсыз бол деген жоқ. Баяғыда өзі келін болып түскенде бір үйлі жан емес, бір рулы елге келіндей сезінуші еді өзін. Неге десеңіз қаршадайынан еркелетіп, жылы сөзімен сырлас болған сүйкімді жеңгелеріне қарап өсті. Ер адамды пір тұтып сыйлаған, оның беделін арттырған сынық мінезді шеше тәлімін көрді. Қазіргі кейбір әйелдерден осындай әдепті көре алмаса іштей күйінеді. Балалардың көзінше отбасында жоқтан өзгеге шаптығатын, ұрыс шығаратын, шаңырақтың бас иесінің абыройын төгуден жүзі жанбайтындардан өзі де именеді. Көпті көргендіктен бе, кейінгілер де бір нәрсе үйренсін дегендік пе, әйтеуір көңілге түйгенін біреуге айтқысы келіп тұратын кәрілердің әдеті бар. Сондайда айтқанын екі еткізбейтін келіндеріне риза болады.

– Бұл кісі біздің әулеттің алтын діңгегі, отбасының махаббатын, зиялы ортаның тәрбиесін сезінген анамыздың ісі мен сөзі ұштасып, ұрпақтарына өзін тәңірдей сыйлатып келеді. Қай кезде де байсалдылығынан, зеректігінен танбайтын үлкен жүректі анамыздың бақытына сүйсіне, қызыға қарайтындар баршылық. Жетістікке жетсек, кейде бір шешімін таба алмаған түйінге киліксек әкеміздің рухымен сырласамыз, анамыздың батасын алуға асығамыз. Осы кісілердің жарты ғасырдан астам бірге ғұмыр кешкен жылдарында орынсыз кикілжіңге ұрынғанын көрген жоқпыз. Әкеміз айтатын, анамыз айтқызбай орындауға тырысатын. Осы тәлім біздің әулет үшін бұлжымас заң. Үлкендердің қадірін сезіндіріп, кейінгіге ғибрат бергені үшін де анамыз қандай құрметке лайық,-дейді осы әулеттің тұңғышы Азамат Сламжанұлы.

Бисара ана дүниеге әкелген ұрпағының қоғам игілігін жасауға үлес қосқанына мерейленеді. Батыр да, дана да, дүлдүл де анадан туады. Ендеше жәннат ұрпақ қамын ұмытпаған аяулы аналарымыздың аяғының астында.

Жомарт ИГІМАН.

Мәліметпен бөлісу: