Саяси жаңғыру – өмір талабы

Кезінде Әлихан Бөкейханұлы: «Әділдік жоқ жұртта береке-бірлік болмайды», деп өсиеттеп кеткен екен. Бұның барлығы Президенттің проблемаларды тұжырымдап, тиімді шешім қабылдай алу жауапкершілігіне тіреледі. Мемлекет басшысы «Саяси жаңғыру болмаса, елімізді орнықты дамыту, ауқымды әлеу­меттік-экономикалық өзгеріс жасау мүмкін емес», деп дәл тұ­жырым жасады. Яғни, барлық бастамалар саясаттағы маңызды проблема – конфликтіні басқара білуді оңтайлы шешуі тиіс.

Осындай келелі сараптамалар негізінде жан-жақты халық­тық талқылауға мүмкіндік жасалынып, мемлекетіміздің сая­си жүйесін реформалаудың құқық­тық базасын жетілдіру қолға алынды. Президент 5 маусымға «Ата Заңымызға өзгерістер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба?» деген тұжырымдағы сауал қойылып, жалпыхалықтық референдум өткізуді жариялады. Бұл референдум – еліміздегі жинақталған проблемаларды шешуге қолдау мен қарсылық білдірушілер ара­сын­дағы бәсекенің оңтайлы ше­ші­мін табуына нақты қадам. Жалпыхалықтық таңдау арқылы мемлекеттік басқарудың шынайы демократиялығына жол ашылады деп сенеміз. Біз тәуелсіз ел ретінде халықтың атынан бас­қару, халық үшін басқару кезең­дерінен өттік, енді халықпен бас­қаруға мүмкіндігіміз артады. Бұқара халықтың билікке араласуы, саяси шешімдерге тіке­лей қатыса алудың құқықтық негізі нақтылана түседі. Өйткені, Конс­титуция – біріншіден, әді­леттілік, теңдік ұғымымен тығыз байланысты. Екіншіден, табиғи теңдіктің алдыңғы қатарда болуын рәсімдейді. Дегенмен, бір мәселедегі теңдік, екінші мәсе­леде теңсіздік тудыруы мүм­кіндігіне байланысты, әрбір бап бойынша көзқарастар тартысы туындауы заңдылық. Табиғи құқықтарымызға сүйеніп бір-бірі­мізбен теңбіз деп сана­ған­мен, оның нақты көрінісі Конституцияда бекітіледі. Сон­дық­тан да референдум өткізудің өзіндік жауапкершілігін баршамыз сезінгеніміз жөн. Президент бас­тамаларының қоғам­дық қа­ты­настарды барынша әділет­тілікке жақындатуына ашатын мүмкіндіктерін сезіне алсақ қана оң нәтижелерге жетеміз.

Амангелді ОМАРОВ,

аудандық мәслихаттың депутаты.

Мәліметпен бөлісу: