Бұл біздің Жұман ағай

Өткен жұмада аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде өңірімізде бокс спортын дамытып, көптеген жастарды осынау спорт түріне баулыған жаттықтырушы-оқытушы Жұмагелді Есболатұлының құрметіне бокстан Республикалық турнир жалауын желбіретті. Ауқымды шараға еліміздің түпкір-түкпірінен 2008-2013 жылдары аралығында туылған ұлдар мен қыздардан 25 команда 260 жуық жасөспірімдер қатысты. Турнир Жұмагелді Есболатұлының шәкірті, аудандық бокс үйірмесінің бас бапкері  Қылышбаев Рауанның бастамасымен ұйымдастырылғандығын айта кеткеніміз жөн. Аталған бастаманы аудан әкімдігі,  Алматы облысының бокс федерациясы, аудандық балалар мен жасөспірімдер мектебінің ұжымы, сонау 2003 – 2017 жылдар аралығында бокс үйірмесіне қатысқан жастар және облыстық мәслихат депутаты Руслан Садуақасұлы мен облыстық “Amanat” партиясының орынбасары Аслан Кубентаев қолдап, атсалысқан болатын.

Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде Сарқан қаласының әкімі Амантай Орынбеков, «Amanat» партиясы Алматы облыстық филиалының орынбасары Аслан Күбентаев, шараға арнайы келген меймандар, Жұман ағайдың шәкірттері жылы лебіздерін білдіріп, спорт ардагерінің иығына шапан жауып, құрметтеді. Салтанатта сондай-ақ Жұмагелді Есболатұлы сөз алып, шараны ұйымдастырушыларға деген ризашылығын жеткізді.

– Шәкірттерім олимп шыңын бағындырмаса да парасатты, өнегелі адам болып қалыптасты. Оқушыларым түрлі салаларда қызмет жасап, жоғары жетістіктерге жетті. Ағай сіздің атыңыздан бокстан жарыс ұйымдастырайық дегенде қуанышымды жасыра алмадым. Міне, қаншама балғын бүгін былғары қолғап түйістіреді. Биік белестерге осындай сайыстар шыңдап, тәжірибе толықтырып, бастап баратынын ұмытпауымыз керек,-дейді төңірегі түгелдей сыйлап, құрметтеп Жұман ағай деп атап кеткен спорт ардагері. Шара барысында көп сөзге жоқ, сөйлесе кесіп сөйлейтін, қолға алған ісін аяқсыз қалдырмайтын Жұмангелді Есболатұлына деген шәкірттерінің ыстық ықыласына, риясыз пейілдеріне куә болдық. Оқушым өзімнен озсын деп соққан ұстаз жүрегінің лүпілін сезіндік.

Жұмагелді Есболатұлы Қарағанды қаласындағы дене тәрбиесі және спорт техникумын тәмамдап келген соң алдымен Аманбөктер ауылындағы орта мектепте, кейіннен Абай атындағы мектеп-гимназияда дене тәрбиесі пәнінен сабақ береді. Білім ордасында сабақ бере жүріп, бокс үйірмесін ашып, оқушыларды осынау спорттың қыр-сырына баулиды. Кейіннен аудандық Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде штаттан тыс жаттықтырушы болып жұмыс жасады. Осылайша ұзақ жылдар аянбай еңбек етті. Төккен тер, еткен еңбектің өтеуі өзін ерекше құрметтейтін, спорт десе ішкен асын жерге қоятын шәкірттері. Қазіргі таңда Жұман ағайдың тәлім-тәрбиесін көрген көптеген жастар спорт саласында жемісті қызмет етеді деуге толық негіз бар. Бүгінгі күні Жұмагелді Есболатұлы Алматы қаласында тұрады.

Бас-аяғы 4 күнге созылған Республикалық былғары қолғап бәсекесінде  ауданымыздың боксшылары өте жақсы нәтиже көрсетті. Атап айтқанда 15 алтын, 3 күміс, 4 қола қоржынға түсіп, командалық есепте Сарқан ауданы І орын иеленді. Ал Жамбыл ауданы ІІ, Тараз қаласы ІІІ орын иегері атанды. Абай атындағы мектеп-гимназия оқушысы, 2010 жылғы Абзалбек Абылай 42 салмақ бойынша үздік боксшы атанды. Жаттықтырушысы Қылышпаев Рауан.

Былғары қолғап шеберлерінің тәжірибелерін толықтырып, жігерлерін жаныған аталмыш сайыс бұдан былай дәстүрге айналып, жыл сайын тұрақты түрде өткізіліп тұрмақ.

П.ЖЕҢІСХАН.

Мәліметпен бөлісу: