Қарабөгет ауылдық округіне кіреберісте Еркін деген ауыл бар. Кезінде мыңғыртып мал айдаған, қара жердің қайтарымын көрген бұл ауыл «Қарабөгет» кеңшарының бөлімшесі болатын. Ана жылдардағы алмағайып кезеңдерде тірлік көзін іздеп, қала сағалағандардан қалғаны ата-баға қонысында үлкендердің жаққан отын өшірмей отыр.
— Бүгінгі таңда ауылда 285 тұрғын бар. Өздеріне тиесілі жерді пайдаланып, мал басы жылдан жылға артып отыр,- дейді ауылдық округ әкімі Жабайхан Рабиғұлов.
Жуырда Қарабөгет ауылдық округінде қоғамдық қабылдау өткізгенде Еркін ауылының тұрғыны Төрегелді Баяшев осы шағын елді мекендегі бастауыш мектеп үйінің жағдайы сын көтермейтінін айтты.
— Мектеп ескі, қабырғалары қақырап, төбесі құлағалы тұр. Өткен жылдары аудан әкімінің бастамасымен шаруашылық тәсілмен мектеп үйін салуға қадам жасалып еді. Іргетас қаланып, қажетті құм-қайыр жеткізіліп, ауыл тұрғындарының көкейіне қуаныш ұялаған-ды. Осы игі бастаманың аяқсыз қалғаны қынжылтады,- дейді ол ауылдастарының тілек-өтінішін жеткізіп.
Расында да шағын ауылға мектеп салу жақсы бастама еді. Бюджеттен қарастырмағандықтан тығырықтан ауыл азаматтары алып шықпақ болатын. Қалталы жерлестеріміз игі істі қолдап, алғашқы жарналарды аудара бастаған. Осы игі бастаманы аяқсыз қалдырмай қайта жандандырмасақ ескі мектептің құлап қалу қаупі бар.
Ауыл тұрғындары жазылған газет-журналдарының Қарабөгет поштасынан өздері барып алғанша сарғайып жататынына, пошташының жоқтығына шағымданады. Қарабөгеттіктердің өздері де басылымдарды топтап бірақ алатындықтан кейбір керекті нөмірлердің қолға тимей жоғалып кететіндігін жасырмады.
Қарабөгет ауылдық округіндегілер интернеттің жоқтығын алға тартады. Интернетсіз өмірден оқшау қалғандай күй кешетін бүгінгі заманда көпшіліктің сұранысын күнде ертеңге қалдыруға болмайды.
Қоғамдық қабылдау үстінде ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Көбей Шерниязов көтерген мәселе де өзекті. Округ аумағында электр жарығы жиі сөніп қалады, Қойлықтағы электр жүйелерінің өкілі әртүрлі себеп айтады. Сым тартылған бағаналар ескірген, трансформаторлардың қуаты әлсіз. Ауыстыру үшін қаржы жоқ. Бұған елді мекендегі көкпен таласқан қарағаш, теректердің электр желісіне кедергі тигізетінін қосыңыз.
Ауылға әкелетін күре жол, ауыл ішіндегі жол күйі туралы сауалдарға аудан әкімінің орынбасары Жомарт Мыңбаев нақты жауап берді. Жобаланған жол жұмыстары мерзімінде аяқталады. Футбол алаңы, балалар алаңы пайлдалануға беріледі. Ауылдық дәрілерлік амбулатория салынады. Жол, су, интернет, дәрігерлік көмектің заман талабына сай болуы биліктің назарында.
Сауал көп, оң өзгерістер уақыт еншісінде. «Төзім деген жақсы, бірақ өмір өтіп барады ғой»,- дейді ауыл тұрғындары. Көпшілік талап-тілегінің жүзеге асуын біз де асыға күтеміз.
Жомарт ИГІМАН,
аудандық мәслихаттың депутаты.