Көп талқылаудан өтіп, қилы пікір туғызған референдум өтті. Көпшілік тарапынан қолдау тапты да… Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров референдумның алдын ала қорытындысын жариялады. «Дауыс беруге қатысқан азаматтардың саны 7 986 293 немесе референдумға қатысушы азаматтар санының 68, 06 пайызын құрады. Осылайша референдум өтті деп есептеуге болады»,- деді Нұрлан Әбдіров. Ол сондай-ақ мәселенің оң шешімін жақтап дауыс бергендердің 77, 18 пайыз құрайтынын айтты.
Ауданымыздағы барлық сайлау учаскелері сол күні сайлаушылардан арылмады. Дауыс беруге қатысқан жиырма екі мыңнан астам адамдардың көпшілігі конституциялық түзетулерді қолдап, Жаңа Қазақстанға дауыс берді.
Ата Заңымызға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар туралы халық арасында кеңінен түсіндірілді десек те кездесулерден тыс қалатындар, баспасөзді оқуға, теледидар қарауға уақыт таппайтындар кездесіп қалады. Бұған өздерінің теріс көзқарастарынан айнымайтындарды қосыңыз. Дегенмен саяси өзгерістерді қалайтындардың үлес салмағы басым түсті. Ел тарихындағы елеулі оқиғаларға бейжай қарамау біздің азаматтық парызымыз!
Жомарт ИГІМАН.