Жақсының жақсылығын айт

          Өткен айдың бел ортасында Бақалы ауылында үлкен жүректі ұстаз ағамыздың тірлік сапары шектелді. Соңында шәкірттері, ұрпағы, жақсы ісі қалды.

            Бұл кісімен қашан кездессек те екеуара емен-жарқын әңгіме өріс алатын.  Білім саласының жай-жапсарын жақсы білетін, кезінде Кәкімжан Қазыбаев атындағы орта мектепті басқарып, зейнет демалысына шыққалы ауылдық ақсақалдар алқасына жетекшілік еткен ақылман ардагермен әңгімелесудің өзі бір ғанибет емес пе?

Сәдібайұлы Сапарғали1937 жылы   7  қарашада  Шатырбай ауылдық  округіндегі   Белсенді  ауылында   дүниеге келген. Жеті жылдық  мектептен  соң Шұбарағаш педучилищесін 1957 жылы  бітіріп, Аманбөктер мектебінде жұмыс жасайды. Еңбек пен білімін  тереңдетуді көздеген  С. Садыбаев Қазақ Мемлекеттік  Университетінің  қазақ  тілі мен  әдебиеті факультетін бітіріп,  осы мектептің директорына тағайындалды.1965 жылы  осы совхоздың  партия  ұйымының  хатшысы болып істейді. 1968 жылдан Бақалы орта мектебінде  оқу ісі меңгерушісі болып, 1992 жылы осы мектептің  директоры болып істейді. 2000 жылы еңбек демалысына шыққан. Осы жылдан бастап ауылдық  ақсақалдар алқасының  төрағасы болды. Ұстаздық еңбегі жоғары бағаланып, оған «Қазақ ССР оқу үздігі» деген атақ берілді. Сонымен бірге бірнеше рет дипломдармен және мақтау қағаздарымен марапатталған. Халық ағарту ісінің үздігі.

Жұбайы Даулетбақова   Елжүкен күміс, алтын  алқа иегері. 8 баладан он жеті немере сүйген ардақты ана 2012 жылы  қыркүйек айының 27 –ші   жұлдызында  о дүниелік  болды. Балаларының бәрі өмірден өз жолдарын тауып, бірқатары ата-ана жолымен ұстаздық мамандықты еншілеген. Сапарғали ағамыз сексен бес жасында дүниеден озды. Алайда саналы ғұмырының барлығы осы қасиетті Бақалы ауылында өткен ағаның «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға», -деп Абай атамыз айтқандай жастарға берген ақыл-кеңесі ұмытылмақ емес.

-Мен Садыбаев Сапарғали 1968 жылы қаңтар айында Бақалы орта мектебіне оқу ісі меңгерушісі қызметіне  Аманбөктер орта мектебінен келдім,- деп жазыпты ағамыз «Бақалы – бақ мекенім» атты кітапқа ұсынған естелігінде.- Мен келгенде мектеп төрт жерде орналасқан аумақта, жанында интернат үйі де бар. Интернатта малшылар балалары мен сегізжылдық мектептерден келген сырт ауылдың балалары бар екен. Сол кезде мектепте 870 бала оқыды. Орыс және қазақ кластары қатар оқыды. Мектеп директоры Дәуренбеков Құдайберген, оқу ісі меңгерушісі Назаров Сламбай және мен. Мектепте ер адамдар баршылық екен. Ұлы Отан соғысы ардагерлері Құрманғалиев Тоқтасын, Ахметов Тоқбура, Исағұлов Қалижан біздің тәлімгеріміз болды. 

Мектепте директорлар тұрақтамады. Дәренбековтің орнына химия пәнінің мұғалімі  Зуфар сайланды. Бір жылдан кейін оның орнына Л.А. Рубашкина директор болды. Рубашкинаның орнына К.Қаптағаев  келді. Одан соң Станбеков Серкебай бір жыл істеп, онан соң Ж.Жүнісбеков директор болды. Екі жылдан кейін оның орнына мен сайланып, осы мектептен құрметті демалысқа шықтым.

Менің кезімдегі қиыншылық әлі есімде.  Барлық кластарға плита пеш орнатып, от жақтық. Айлық екі-үш айда бір беріледі. Жер септік, он гектар күнбағыс, бес гектар қант қызылшасы. Сварщик (дәнекерлеуші) Сергейдің арқасында монша мен үйге пеш жасап, азды-көпті тиын-тебен таптық. Әрине, демеушілер де болды.

Сапарғали Сәдібайұлының бұл естелігі өткен кезеңнің ақиқатын айтуымен құнды. Жаны жәннатта болғыр ардагер ұстазбен әңгімеде білім беру ісінің жетістіктері мен кемшіліктері талдап, таразыланатын.

-Мектеп – ең алдымен білім ошағы, оның басты мақсаты білім беру болып табылады. Ал білім беруді тәрбиемен ұштастыра білу сол міндетті орындаушы адамдардың бұлтартпас парызы,- дейтін ол.

Туған жерінде, өскен елінде өзі таңдаған мамандық арқылы айналасының алғысын алған ағамыз жөнінде айтылар естеліктер әлі алдыда. Соңында қалған ұрпақтары жақсылығымен жұрт жадында қалған әке есімін ардақ тұтары анық.

Жомарт ИГІМАН.

Мәліметпен бөлісу: