2,5 % несие алғыңыз келе ме?


Жуырда «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» жаңа жобасын ел арасында ақпараттық-насихаттық жұмыстар жүргізу мақсатында құрылған мобильді топ өкілдері Сарқан ауданында болып, бірқатар ауылдық округ тұрғындарымен кездесті. Мақсат тек ауылдықтарға арналған 2,5 % несие туралы жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Сонымен кездесуге қатысушылар жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызды құрайтын жеңілдетілген несиені қалай алуға болады, коорперативті не үшін құру керек, мемлекет техниканы лизингке алуға көмектесе ме секілді сұрақтар төңірегінде әңгіме өрбітті.

Бұдан 2 жыл бұрын пилоттық жоба ретінде Жамбыл облысында жүзеге асқан осынау бағдарлама өзінің тиімділігін дәлелдеп, нәтижесінде басқа өңірлерде жүзеге асыру шешімі қолдау тапқан. Бүгінгі күні несиені 2,5 мың адам алып, игілігін көріп отыр.

Сонымен бюджеттік несиені кімдер ала алады? Мобильді топ өкілдерінің сөзінше аталмыш несиені жауапкершілігі шектеулі серіктестік немесе жеке шаруа қожалық басшыларынан бөлек 18 жастан асқан зейнет жасына толмаған кез келген адам ала алады. Тіпті серіктестіктің немесе қожалықтың жақын туған-туыстарының да алу мүмкіндігі бар. Сауда-саттыққа, құрылыс салуға арналмаған жеңілдетілген несие келер жылы қойған кепілге қарай 8,6 млн теңгеге дейін берілетін көрінеді. Кепілге ауылдағы немесе еліміздің кез келген түкпіріндегі (үйдің немесе ғимараттың құрылыс материалына қарамай, мейлі каркас, түймеш, кірпіш, газоблок) жылжымайтын мүлікті қоюға болады. Сондай-ақ модераторлар несиені алу үшін ауылдықтардың бірігіп кооператив ашқаны тиімді болатындығын, бұл өз кезегінде үкімет тарапынан қарастырылған түрлі жеңілдіктерге қол жеткізуге мүмкіндік беретіндігін баса айтты. Бағдарламаның тағы бір артықшылығы құлшынып отырған ауылдықтар түрлі құжаттар әуресімен аудан, облысқа ары-бері сабылмайтын болады. Әрбір ауылдық округте құжат жинақтайтын, жөн көрсетіп, жол сілтейтін бірнеше мамандар тұрғындарға қызмет көрсетпекші. Несие тарихыңыз да аса маңызды емес. Бастысы соңғы бір жылда өтелмеген борышыңыз болмаса болғаны. Тағы бір маңызды мәселе бағдарлама бастауында әрбір ауылға тиісті мамандар келіп, арнайы сауалнама жүргізбекші. Бұл өз кезегінде нақты сол өңір тұрғындардың кәсіп бейімділігін анықтап, ұсыныс-пікірлерін білуге зор мүмкіндік бермекші.

Ауылдықтар тарапынан сандаған сауалдар қойылып, ұсыныстар да айтылды. Шараға сонымен қатар мекеме-ұжым басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысты. «Ауыл Аманаты» жобасы туралы толық ақпаратты 8-800-080-4441 жедел желі телефоны арқылы, сондай-ақ «AMANAT» партиясының аудандық филиалынан немесе ауыл әкімдерінен білуге болады. 

Сонымен кәсіп ашып көркейемін деген ағайынға келер жылы берілетін аталмыш несиеге құжаттарын қамдап отыруға кеңес береміз.

П.ЖЕҢІСХАН,

Сарқан ауданы,

Жетісу облысы.

Мәліметпен бөлісу: