Арқадан Жетісуға ат терлетіп келген Азамат Абыроев жер жәннатынан сүйгенімен қатар, сүйікті ісін де тапқан. Жергілікті жұрт қарағандылық жігітті бауырға басып, кәсібін ілгерілетуге жәрдемдесіпті. Бүгінде оның бүтін қаланы қамтамасыз етуге қауқарлы бөдене шаруашылығы бар. Оған қоса қыстай жылыжай шаруашылығымен айналысады, ал келіншегі жылыжай жемістерінен түрлі тағам дайындайды.
Ерінбеген адам кез келген кәсіпті шыр айналдырады. Сарқан ауданына келгенде жаңа тынысы ашылған Азаматтың іскерлігіне маңайдағы жұрт тамсана қарайды. Неге тамсанбасын, мұндағы халықтың ойына келмеген сан алуан істің тетігін тапқан талапты жас тұрғындарды жұмыспен де қамтамасыз етіп отыр. Әлеуметтік желіден көргенін үйде қайталап көруге құштар кәсіп иесі бөденеден бөлек бал арасын да баптайды. Былтыр оның омартасында 23 ара ұясы болса, биыл оның саны 50-ге жеткен. Алдағы уақытта ара ұясын 200-ге жеткізу жоспарында бар. Бал технологиясын толық меңгерген соң бұл кәсіп түрін одан әрі дамытуға бейіл. Қазір кәсіпкер бөдене шаруашылығына мұқият зер салып отыр, тіпті әңгімесінің бәрі алақандай ғана құстың қызығы жайында.
Бұл іске шағын ауылға қоныс аударғаннан кейін келген. Жас отбасы әуелде Алматыны паналап, үлкен шаһардан жұмыс іздейді. Алайда Жетісудың тұмса табиғатын тамашалаған соң, қалаға қайтқысы келмейді. Қазір отбасылық шағын шаруашылықта күніне 1 мың жұмыртқаға дейін өнім алынады. Жыл соңына дейін фермер бөдене санын ұлғайту арқылы оның көлемін 10 мыңға жеткізуді жоспарлап отыр.
«Қарағандының тумасы болғандықтан жоғары оқу орнын да сол жақтан бітірдім. Ал жұбайым Сарқан ауданының Қарғалы ауылында туып-өскен. Ауылға 2019 жылы көшіп келдік, осында келгелі жаңа тынысым ашылғандай. Ауа, азық-түлік таза, балалар еркін. Бірақ мұнда қарап жатпай, жұмыс істеу керек. Тәжірибе жүзінде көз жеткізгеннен кейін диеталық ет пен жұмыртқа өте пайдалы екенін біліп, бөдене өсіруді қолға алдым. Туысымыз осы бөдене арқылы денсаулығын жақсартты. Бұрын ауыл шаруашылығын жете білмейтінмін. Кейін бәрін интернеттің көмегімен үйрендім. Былтырдан бастап ара шаруашылығымен де айналыса бастадым. Жылыжайымыз бар, қызанақ, қияр, көк шөптер өсіреміз», дейді А.Абыроев.
Қазір Азаматтың шағын фермасында 1 мың бөдене бар. Инкубаторға шамамен 7 500 жұмыртқа салынған. 17 күннен кейін балапан жарып шыға бастайды, шамамен қырқыншы күні аналықтары жұмыртқаласа, қырық бесінші күнге қарай аталықтары сойыла бастайды. Бастапқы кезде 3 500 құс болған. Экологиялық таза еттің 1 килосын Азамат 3 500 теңгеден сатады, 1 жұмыртқаның құны – 25 теңге.
Азамат жергілікті фермерлердің арқасында құс азығы мәселесін шешіп алды.
«Бұрын Ресейде өндірілетін дайын азықты алуға мәжбүр болдым. Бұл қалтаға едәуір салмақ салатын. Қазір шикізатты жергілікті фермерлерден сатып алып, құрама жемді өзім дайындаймын. Жақында тағы 100 тоннаға тапсырыс бердім», дейді ісін жаңа бастаған кәсіпкер.
Қазір фермер күніне 1 мың жұмыртқа алады, жыл соңына дейін құс санын 10-15 мыңға дейін көбейту арқылы жұмыртқа көлемін 10 мыңға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Өнімді өткізу мәселесі де шешілді. Алматыдағы сауда нүктесімен келісімге отырған, онда бөдененің жұмыртқасын, сондай-ақ мұздатылған қалпындағы етін жібереді. Өнімді жергілікті тұрғындар да сатып алады.
Шағын ферма кеңейтіліп, ресми тіркеуден өткеннен кейін Азамат нысанның іргесін одан әрі ұлғайтып, заманауи жабдықтар сатып алуды жоспарлап отыр. Ал әзірше кәсіпкер бөденеге торды өз қолымен жасап, Алматыда сатып алған инкубаторға арнап үй-жай салған. Ғажабы сол, келіншегі де Азаматтан қалыспайды. Бақшадағы, жылыжайдағы жұмыс негізінен соның мойнында. Бірақ Әйгерім оны ауырсынбайды, қайта өз еңбегінің жемісін көргеніне қуанады.
«Қияр, қызанақ, көк бұрыш, тәтті бұрыш өсіремін. Экологиялық таза өнімдерімізді бірінші кезекте ауыл тұрғындарына сатамыз. Сонан соң Сарқан қаласына жәрмеңкеге апарамыз. Жылыжайды қолға алғанымызға екі жыл болды. Былтыр қызанақ, қияр, шөптің барлық түрін өсірдік. Қаңтар айының суығында жерлестеріміз балғын көкөністерімізді сатып алды. Биыл қиярға баса назар аударсақ дейміз. Жылыжайда фитолампалар орнатып, тамшылатып суаруды қолданамыз», дейді Ә.Абыроева.
Жас кәсіпкер Әйгерім Абыроеваның мамандығы – экономист. Жуырда «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша оқып, қайтарымсыз грант алу үшін өз жобасын қорғап шықты. Енді отбасымен конкурс нәтижесін күтіп отыр.
«Черкас ауылдық округінің әкімі үнемі қолдау білдіреді. Әзірге бізде 30 сотық жер бар. Негізінде шешімін таппай жатқан түйткілдер жоқ. Алайда туған ауылымда жол жөнделіп, медициналық қызмет көрсету сапасы жақсарғанын қалаймыз, балаларды әзірге шағын орталыққа апарып жүрміз, балабақша ашылса жақсы болар еді. Мүмкіндігінше халықты төмен бағадағы сапалы өніммен қамтамасыз етуге тырысамыз. Бұл – отбасылық шағын фермамыздың басты міндеттерінің бірі», деп түйіндеді жас фермер.
Қазір Черкас ауылдық округінде жалпы ұзындығы 5 шақырым болатын облыстық және аудандық маңыздағы жолдар жөнделіп жатыр. Көктемге қарай облыстық маңыздағы Қойлық – Қарғалы арасындағы жолдың 10-24 шақырымдық учаскесінің орташа жөндеуі аяқталады. Бұл жолдың көп бөлігі ауыл ішімен өтетінін атап өту керек.
Ауылда жеке кәсібін ілгерілеткен Азаматтың еңбекқорлығы елге үлгі. Ол мемлекеттің қолдауынсыз-ақ сүйікті ісінен пайда табуға болатынын дәлелдегендей. Жігерлі жастың еңбекке құмарлығы сондай, әлі де көптеген шаруаның басын қайыруға белсеніп отыр.
«Отбасыммен бірнеше жыл мегаполисте тұрдық, тынымсыз жұмыс істедім, пәтерді жалға алып тұрдық, ақша жетпейтін. Ауылға көшкенім дұрыс шешім болды деп ойлаймын. Ақырындап аяққа тұрып келеміз. Балаларға да ұнады, денсаулықтары шыңдалып, тәрбиелері жақсарды. Әрине, мегаполисте тұрудың өз артықшылықтары бар, әсіресе онда медицинаның сапасы жақсы. Бірақ мен осы жақтан өзімді таптым, жермен жұмыс істеген, фермерлікпен айналысқан ұнайды. Өзімнің шағын бизнесімнің барлық сатыларын алдын ала ойластырып, ұзақ мерзімге бизнес жоспар жасап, оны іске асыруға барынша тырысамын. Еңбек етсең, жұмыс кез келген жерде табылады, бар күш-жігеріңді салсаң, жақсы табыс табуға болады. Ең бастысы, ерінбеу керек, шыдамдылық танытып, айналысатын ісіңді жақсы көрсең нәтижесі де көп күттірмейді», дейді ол.
Қазір шағын отбасылық шаруашылықта ауылдың 7 азаматы жұмыс істейді. Олардың орташа айлық жалақылары – 90-100 мың теңге. Кәсіпкер олардың бәріне істің мән-жайын өзі үйретеді. Ауылдық округтің қоғамдық өміріне белсене араласып, жерлестеріне барынша көмектесуге тырысады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, Сарқан ауданында өткен 7 айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығында 17 071,4 млн теңгенің өнімі өндірілген. Нақты көлем индексі – 104,5 пайыз, яки 1 485,0 млн теңге инвестиция тартылған. Экспортқа 508,577 тонна ауыл шаруашылығы өнімі шығарылды, соның ішінде дәрілік шөптер, арпа мен тары да бар.
Мұхтар КҮМІСБЕК.