Ең ауқымды саяси өзгеріс

Сайлау — 2023

Биыл елімізде бастау алған ең ауқымды саяси өзгеріс — «Жаңа әрі әділетті Қазақстан» бастамасы. Осы ұранмен еліміздің барлық саласында оң өзгерістер орын алып келеді. Әділеттілік, ашықтық бар. Ата Заңымызда айтылған «Биліктің бастауы – халық»,- деген қағида шынайы орнай бастағандай. Елімізде референдум өткені баршаңызға белгілі. Президенттің өкілеттіктері қысқарып, халықтың билікке араласуы заңмен реттелді. Жерасты байлығымыздан түскен үлес әрбір жаңа туған қазақс притандықтың жеке шотына түсетін болды. Түптеп келгенде, әлеуметтік қолдаулар артатынын айтты Президент. Бұл жаңалықтар біздерді қуантып, жастарды серпілтіп, бойларына жігер сыйлады.

Баршаңызға мәлім, 19 наурызда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі маслихат депутаттарының сайлауы өтеді. Мәжіліс депутаттарының осы жолғы сайлауында бірқатар ерекшеліктер бар. Нақтырақ айтқанда, елімізде жүргізілген конституциялық реформа аясында саяси партияларды тіркеу рәсімі айтарлықтай жеңілдетілді. Партия мүшелерінің санына қатысты талап та түбегейлі өзгерді десек болады. Айталық, бұған дейін партия құру үшін оған мүше азаматтардың саны 20 мың болу тиіс болса, реформадан кейін ол шек 5 мыңға дейін қысқартылды. Тағы бір өзгеріс партиялардың аймақтардағы өкілдіктерінің мүшелеріне қатысты. Яғни, бұған дейін партия құру үшін әр өңірде кемінде 600 жақтасың болу шарт еді. Ал қазір 200 адам партияңызды қолдаса, саяси ұйымның тіркелуіне жеткілікті. Дәл осы мүмкіндікті бірқатар саяси белсенді қолданып та үлгерді. Бұған дейін елімізде Amanat партиясы, «Ақ жол» демократиялық партиясы, Қазақстан халық партиясы, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы белсенділік танытса, ендігі уақытта олардың қатары «Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясымен, Respublica партиясымен толығып отыр.
Елде қандай өзгерістер болмасын бір мемлекетте өмір сүріп жатқаннан кейін бірлік туын бірге көтеріп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруға тиіспіз. Біз дамудың жаңа кезеңіне қадам бастық, қарқынды, жан-жақты жаңару үдерісіне бірге атсалысып, билік институттарының бастаған жетілдіруін қолдап, заңдылық пен құқық тәртібін нығайту, халықпен жұмыс істеу, мемлекеттік, партиялық және қоғамдық ұйымдардың қызметтерін және өкілдіктерінің атқару істерін айқындап беру, саяси жүйе құрылымын жаңартудың тиімді тетіктерін жасауды қалыптастыруды жүзеге асыруға қос қолдап ат салысуы парызымыз деп есептеймін. Халық дұрыс таңдау жасап, саяси реформаларды жүзеге асыруды жүргізетін сайлауға қатысуымыз қажет.

                                 Байжан СЕЙІТҚҰЛОВ,
                                                    Әл-Фараби атындағы орта мектебінің                        
                           тарих пәнінің мұғалімі.

Мәліметпен бөлісу: