Жуырда аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің, қалалық әкімдіктің мамандарымен бірлесіп, Сарқан қаласында орналасқан шағын және орта бизнес нысандарының маңдайша жазулары мен жарнамаларына яғни сыртқы көрнекіліктегі мемлекеттік тілдің дұрыс жазылуын көзімізбен көріп шықты. Аталмыш шара аясында азық-түлік дүкендері, қоғамдық тамақтану орындары мен техникалық жөндеу орталығы және көлік жуу орындар мен т.б. объектілер қамтылды. Жоғарыда аталған нысандардағы сыртқы көрнекіліктерде кемшіліктер көрер көзге оттай басылады. Тұрғындардың атаулы кемшіліктерді көрсетіп, тездетіп түзеу туралы сауалымызға бейқамдық пен немқұрайлылық танытып, самарқау жауап беруі ана тілімізге деген құрметтін айқын көрсететіндей. Тіпті кейбір жандар суықты сылтауратып, күн жылына бәрін қатыратынын айтып жатты. Рейд жүргізу кезінде кейбір шағын және орта бизнес нысандарының иелеріне жарнамалар мен маңдайша жазуларынан анықталған кемшіліктер және де заң бұзушылықтар бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ретке келтіру жөнінде ескерту жасалып, кемшіліктерді түзетуге бір ай уақыт берілді. — Барлық шағын және орта бизнес нысандарының иелеріне көрнекі ақпараттар мен жарнамаларды орналастыру тәртібін қатаң сақтау керек екендігін естеріңізге саламыз,- дейді аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің бас маманы Ақмарал Садықова. Тәуелсіздіктің 32 жылғы таңы атса да сол баяғы ана тіліміз жетімнің күйін кешіп келеді. Өз балаларының қорлығына көнеді, бір түлеуден дәмелі. Өзіміз қазақ бола тұра, қазақ тіліндегі жазуды ресми тілден бір саты төмен түсіріп немесе мүлде жазбай қойғанымызға қарап, «Құл қожайынның тілінде сөйлейді» деген тәмсіл еріксіз ойға оралады. Қазақстанның болашағы, қазақтың ертеңі – қазақ тілінде деп қанша жерден зарласақ та ана тіліміздің соры бес елі болып тұр. Арнайы шара аясында бірқатар нысандарды аралай отырып, миымызға сіңіп қалған құлдық сананың күштілігіне таңдана, арлана отырып ұлтым деген ұлы тұлға Ахмет Байтұрсынұлының мына бір сөзі есіме түсті: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады»,-дейді. Әсіресе «өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады» деуі бұдан 151 жыл бұрын дүниеге келген Ахаңның даналығына тағы бас идіреді. Егемен ел атанғалы қазақ тілінің көсегесін көгертеміз деп қаншама қыруар қаржы бөлінді, әдістемелік оқулықтар шығарылды, тіл оқыту орталықтары ашылды, жыл сайын қаншама арнайы іс-шаралар өткізіледі. Бәрібір жастарымыз шұбарлап сөйлейді. Көсемдеріміз сөз біссіміләсін қазақша айтып, ойын орысша өрнектейді. Тағы да Ахметше айтқанда «Талап – жоқ, үміт – мол бір халықпыз».
П.Жеңісхан.