Қай заман болмасын адамзат баласы үшін, ұрпақ тәрбиелеу басты міндеттердің бірі болып табылған. Отбасы құрғаннан кейін, ұрпақ өрбіту, Алла Тағаладан салиқалы ұрпақ сұрау, бала дүниеге келгеннен кейін дұрыс тәлім-тәрбие беру, бойына имандылық пен ақылдылықты дарыта білу сол секілді парыз жүктеледі. Қазақ халқында бала тәрбиелеу кезінде отбасындағы әр жанның өзіндік орны, атқаратын міндеттері бар. Отбасы құндылықтары – жеке құндылықтарды қалыптастырудың қайнар көзі, тәрбиенің бастауы, әр үйде балалар санасына құндылықтарға деген көзқарастарды, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды, даналық сөздерді, жеке тұлға болып қалыптасуын, тәрбиенің жоғарғы үлгілерін сіңіретін де отбасы.
Алтын ұяң – Отан қымбат.
Құт береке, атаң қымбат
Аймалайтын анаң қымбат
Асқар тауың әкең қымбат
Бәрінен де ұят пен ар қымбат,- деп дана халық айтып кеткені бекер емес. Отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы баспалдағы екенін білеміз, оның ер жетіп, бойжетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік қасиеттерінің белгілері отбасында қалыптасады. Әлемдегі біздің ең шынайы байлығымыз – ол, әрине біздің отбасымыз. Рухани байлықтың құндылығының жоғалмауы адамдарға байланысты, ұлттық құндылықтар көзін ата-баба дәстүр-салты мен өнеге-мұралары құрайды. Қазақы тәрбиемізде ананың ақ сүтінен, ана әлдиінен, әженің аңыз-әңгімелерінен, әке тәрбиесі мен атаның қасиетті сөздерінен бастау алады. Отбасы бүтіндігі бала жетілуінің толықтығын қамтамасыз етеді.
Осы орайда әулет басы, отбасы үлкені «ата» рөлін ерекше атап айтқан жөн. Аталы сөзге тоқтап, өнегелі өсиетке бас ұрған халықпыз. «Ата сөзі» қаншалықты қасиетке толы ардақты тіркес. Ата өз балаларына ризалық сезімін, өсиетті ой тұжырымдарын, жақсы тілектерін білдіріп отырған, бата беру арқылы ұрпағының өсіп-өнгенін қалаған. Ежелден қадірлі қария, атақты батыр, дуалы ауыз билер, шашасына шаң жұқпайтын шешен, арқалы ақындар, ойшыл кемеңгерлер, қарт кісілер, көпті көрген абыз ақсақалдар, өз ісінің хас шеберлері бата беріп, өсіп енді дамып келе жатқан балаларға жол сілтеп, болашақ өмірлеріне ақыл сөздерін, баталарын, разышылығын берген. Бата қысылғанда – қуат, қиналғанда – медет беріп, әрбір іс-әрекетіңе даңғыл жол ашып, бәле-жаладан қорғайды. Үлкеннен бата алу адам бойына жылулық пен күш сыйлайды, алдағы уақытқа ісінің оң болуына сенім білдіріп, еңсесі түзеледі, бойында қандайда бір ерекше сезім қалыптасады. Қазақ халқының ежелден келе жатқан өзіндік орны бар салт-дәстүрлері, ақ ниетпен бата беріп, жақындары үшін тілек тілеу дәстүрге айналған. Бата берілу кезінде, кімге қаратып айтылатынына қатысты да мәтіні өзгеріп отырады. Сонау көне заманнан келе жатқан игі дәстүрге халық ерекше мән береді. Күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан ақ бата берудін, алғыс айтудың жас ұрпақты кішілік пен кісілікке тәрбиелеуде айтарлықтай әсері бар. Халық арасында: жарапазан батасы, серттесу батасы, жол батасы, жаңа ай батасы, теріс бата, соғым батасы, көші-қон батасы, жас отау иелеріне арналған бата және өлім шыққан үйде айтылатын бата және т.б. баталар бар. Қазақ халқы бата арқылы өзінің жан-жүрегінде жатқан ізгі тілектерін жеткізіп, бір адамның немесе халықтың тілеуін тілейтін болған. Сондай-ақ, бата беруші қариялар да халық алдында беделін түсіріп алмауға, бата беруге лайық болуға тырысқан, ал бата алушы сол батамен көгеріп, ісінде сәттілікке шығып, өмірін жақсылыққа арнап, әр нәрсенің соңын аяқтап, нәрижеге жетуге тырысады.
Өнегесін ұлағат тұтқан ұрпақтар да осындай дұрыс тәлім-тәрбие арқылы өрбиді. Сауатты да, саналы, белсенді де іскер, елін сүйген жас ұрпақ, өнеге көрсетер, бой түзететін үлкен адам болғанда ғана жүйеленеді, сол себепті үлкенді-үлкен, кішіні-кіші деп танитындай қоғам болып өмір сүруіміз өзімізге байланысты. «Жаңбырмен жер көгереді, батамен ел көгереді», — деп айтқан мақалды естен шығармай, ел үлкені құрметке, кішісі ізетке лайық халық болып, абыройымыз асқақтай берсін.
Диана МЕЛІС,
дінтанушы.