Жаңашыл реформалар жаңа қадамдарға бастайды

Баршамыз білетіндей Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын өткізу туралы мәлімдеп, саяси дода 19 наурызда өткізілген болатын. Бұл Президент ұсынған реформалардың заңды жалғасы десек, қателеспейміз. Өйткені бұған дейін Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Сенат пен Мәжілістің қызметі қайта қарастырылды. Елдің дамуы үшін қажетті бірқатар өзекті конститутциялық заң қабылданды. Президент сайлауын 7 жыл деп белгілеу секілді жаңашылдық енгізілді. Енді Мәжіліс пен Мәслихат депутаттарын сайлау реформалар бастамасын табысты жалғастыруға тиіс. Осы орайда Мемлекет басшысы енді Үкімет халықтың мұң мұқтажын ойлап, әлеуметтік мәселелердің түйінін шешуге ерекше басымдық беру керек екенін аңғартты. Соның ішінде Қазақстан бойынша халық наразылығының басталуына түрткі болған басты мәселе – елдегі қымбатшылық, бағаның тұрақсыздығы, стратегиялық маңызы бар тауарлар мен өнімдер бағасының тым шарықтап кетуі. Осыған орай жаңа құраммен жасақталатын Үкіметке макроэкономикалық бағдарламаларды жүзеге асыру, инфляцияны тежеу және әлеуметтік мәселелерді шешуді қатаң тапсырды.
Президентіміз атап көрсеткендей, ендігі басты мақсат – келешекте қаңтар оқиғасындағыдай қайғы-қасіретке жол бермеу, жалпыұлттық трагедияға алып келген алғышарттар мен себептерді жою, қоғамда қордаланған саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани салалардағы мәселелерді шешу. Бұлардың барлығы, түптеп келгенде, адамның өмірі мен денсаулығы, қауіпсіздігі, құқықтары мен бостандықтары, өмір сүру сапасы мен деңгейі сияқты конституциялық тұрғыда бекітілген ең жоғарғы құндылықтар мен қағидаттарды қамтиды.
Қаңтардағы халық толқуы әлеуметтік-экономикалық жағдайдың нашарлауынан, инфляция мен жаппай қымбатшылық, әлеуметтік әділетсіздік сияқты қарапайым халықтың өміріне тікелей қатысты себептерден бастау алғандықтан, Мемлекет басшысы ұлттық экономиканы қайта құруға бағытталған міндеттер қойып, жаңа үкіметке нақты тапсырмалар берді. Ең бастысы, Мемлекет басшысы елдегі азаматтардың арыз-өтініштерін ескеретін, «тыңдаушы мемлекет» қағидасын дамытып, әлеуметтік мемлекет құруды, баға тұрақсыздығы мен қымбатшылықты, ұлттық валютаның девальвациясын және инфляцияны ауыздықтауды, олигархиялық әділетсіз жүйені жоюды, елдің ішкі қауіпсіздігі мен сыртқы қорғанысын қамал етуді стратегиялық міндеттер ретінде алуы – Қазақстанды тұрақтылық пен бейбітшілікке, экономикалық даму мен гүлденуге алып баратынына кәміл сенеміз.

Б. ЖАНТАСОВ,

Сарқан аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі.

Мәліметпен бөлісу: