Қазақ жыр сүлейлерінің ішінде жұлдызы бөлекше жарқырайтын Мұқағали Мақатаевтың туған күнін халқы ешқашан ескерусіз қалдырған емес. Поэзия аспанының ақиық, мұзбалағының құрметіне жер-жерде түрлі шаралар ұйымдастырылып, өлеңінің өміршең екендігін жырсүйер қауым тағы бір мәрте сезінеді. Сарқан аудандық мәдениет үйінде өткен «Дариға жүрек жырлайды» атты әдеби сазды кешті тамашалаған жұртшылық поэзия самалымен серпіліп, арқалы ақынның рухты жырларымен сусындап қайтты.
Сахна төріне алдымен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы Ұзақ Бағаев атындағы сыйлығының лауреаты Жомарт Игіман көтеріліп, айтулы күнге орай құттықтау лебізін білдірді. Аталмыш кештің ең басты ерекшелігі аудандық мәдениет үйінің жанынан құрылған көркем-өнерпаздар үйірмесінің «XXI ғасыр ұрпақтарының құрдасы» атты театрландырылған көрініс болды. Көркем-өнерпаздар үйірмесінің алғашқы аяқ алысы жұртшылық тарапынан жылы қабылданды. Көп көкейдегі сандаған күдікті жалғыз үміт жеңіп жастардың тұңғыш жұмыстарына деген тілеулестік көрермен көңіліне ұялағаны анық. Шара барысында ақынның сазбен өрілген сыршыл, мұңшыл жырлары өнерсүйер қауымның патшакөңіліне әуен болып құйылды. Жас буын Мұқаңның отты жырларын жатқа оқыса, өнерлі өрендер көңілді кешті бимен көркемдеді. Салтанатты аудан әкімі Ерғазы Қошанбеков ақжарма лебізімен қорытындылады. Ақынның қаншама жылдар өтсе де көмескіленбеген жыр жауһарлары өлең сүйер қауымға таусылмайтын сый, мол қазына болып қала бермек. Шарадан көрермен осыны сезініп қайтты.
Өз тілшіміз