Республика күні — ұлттық мереке. Бұл күнді барша қазақ халқы аңсап, армандаған. 1990 жылы қазан айының 25-і күні Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің шешімімен Қазақстан Егемендігі туралы декларация қабылданды. Мемлекет басшысы Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек екенін айтты. Осы тарихи маңызды қадам арқылы Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы баспалдағын бастады. Сол сәттен бастап егеменді Қазақстан жеке мемлекет болып таныла бастады. Өзінің жеке территориясы мен діні, тілі, азаматтығы бар елге айналып, Қазақстан Республикасы бой көтерді. Қазақстанның өзге елдермен терезесі теңесіп, шекарасы анықталып, мемлекеттік Туы мен Әнұраны бар жеке ел болып әлем картасында орын алды. Еліміз өзінің Елтаңбасын, Туын, Әнұранын белгіледі, осы бір қасиетті белгілердің мәнін әрбір ұрпақ терең түсініп, оны қастерлей білу керек.
Мемлекеттік Ту –алтын күн алаулаған зеңгір көк аспан түстес. Сол көк аспаннын астында баяу қалықтаған бүркіті қазақтың көңілін биікке алып шыққандай көрініс береді. Тудың сабағына таяу тік тартылған ұлттық өрнекті қошқар мүйіз жолақ салынған. Ортасында алтын күн халқымызға нұр болып шапағатын шашып тұрғандай.
Елтаңба – қазақ өмірінің ұлы белгісі шаңырақтан тараған. Таң шапағындай уықтар, алтын қанатты ғажайып пырақтар болашаққа ұмтылған асқақ арманның бейнесіндей болып көрінеді.
Әнұран — еліміздің музыкалық эмблемасы, төлқұжаты. Ол халық жүрегінің лүпілін тұмар ғып түйген музыкалық сәлем хат сынды. Елін, туған жерін сүйетін, елінің өткені мен бүгінін, тарихын тереңдей оқып, жүректерінен шыққан ойларын ақ қағаз бетіне түсірген ән.
Республика күні- халықтық мереке. Қазақстан Республикасына деген әрбір азаматтың мақтаныш сезімі оянып еліне тамсанатындай реті бар. Қазақстан халқы өзінің ұлтына, сеніміне, білім денгейіне қарамай, еліміздің көркейуіне бағытталған әлеуметтік-экономикалық, саяси-қоғамдық өміріне белсене араласып келеді. Өтпелі кезең ауырпалықтарын бастан өткізіп, оңай тимеген экономикалық, саяси реформалар жүзеге асырылды. Елімізде халықтар достығы жақсы сақталып келеді. Ел бірлігін сақтауда татулықтың үлкен байлық екендігін бүгінде Қазақстан халықтарының барлығы айқын сезінеді. Қазіргі таңда Қазақстан көп елдермен теңесіп, мәртебесі беделді мемлекет. Талай тағдыр тауқыметіне ұшырап, қазақ халқы бүгінгідей бақытқа қол жеткізу үшін қаншама қиын жолдардан өтті. Қазақ елін, қазақ жерін білектің күшімен, алмас қылыш ұшымен, өткір тілімен, қасиетті қанымен қорғаған ұлы тұлғаларымыз тарихта аз емес.
Адамзаттың парызы туған Отанын гүлдендіріп, сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу.
Жаны жайсаң азат елім, қазағым көк туымыз көгімізде желбіреп, әр бір күніміз шаттыққа толы болсын, 25 қазан Республика күні құтты болсын!
Ж.Унерханова,
«Жетісу облысының мемлекеттік архиві» КММ Сарқан филиалының 1-ші санаттағы архивисі.