Елдің мұңы –судың жыры

Биылғы қыс жылдағыдан ерекше ызғарымен есте қалды. Бұған дейін -30˚С градустан төмендеп көрмеген жайлы қыстың ауа-райына үйренгендіктен қатаң мінезін танытқан қаңтардың аязы жанымызға батып, суымыз қатып, қабағымыз түсіп кеткені шындық.

Аудандық «Сарқан су құбыры» кәсіпорнына жыл басынан тұрғындардан 396 өтініш түссе, оның 300-і аяздан қатып қалған құбырын жібітуге көмек сұраған тұрғындардың жан айқайы. Бар кезде қадірі соншалықты білінбегенімен жоқ кезінде ауыз судың шын мәнінде өмірдің нәрі екендігін мойындап қаламыз.

-Хабарластық, өтініш түсірдік. Су құбырынан жедел көмек жоқ. Қата салысымен шара қолданғанда нәтиже берер еді,-дейді үйдегі құбырының қатқанына айға жуықтаған тұрғындар шарасыздығына налып. Аудандық су құбыры мекемесіндегілер қаланың жартысына жуығы судың мұңын шертетіндіктен барлық өтінішті орындауға дәрменсіз. Біз жұртшылық аманатын арқалап «Сарқан су құбыры» кәсіпорнына барғанда жоғарыдағы сұраныстардың 32-сінің ғана орындалғанын естідік. Мекемеде сұраныс тіркелетін журнал бар. Өтініш берушінің аты – жөні, мекен-жайы, сұраныс берген күні, қатқан су құбырының өлшемі, сипаты толық жазылып, орындалу мерзімі мұнда айқын көрсетіледі екен.
Су құбыры ұжымы қаланың орталық су жүйесінен қалыпты жұмыс істеп тұрғандығын дәтке қуат етеді. Тұрғындардың барлығы үйлеріне су тартып алды дегенімізбен қала аумағындағы 7 қоғамдық құдық (колонка) ауыз суға мұқтаж жандар үшін таптырмас олжа. Тығырықтан шығу үшін мекеме тұрғындардың көшелердегі арнайы 8 су желісі құдығынан түтікшелер арқылы ауызсу тұтынуына да жол ашып берді. Бұл, әрине, уақытша қарекет. Осындай колонкаларда суға кезекте тұрғандарды көргенде қатып қалған құбырларды жібіту міндетін мекеме бригадасы неге атқара алмайды деген заңды сұрақ туады.

-Сауал өте орынды,-дейді «Сарқан су құбыры» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның директоры Аманжол Шайхұлы. -Бірақ құрамында 6 адамы бар арнайы апатты жою — қалпына келтіру бригадасының барлық сұраныстарды орындауға мүмкіндігі де, уақыты да жоқ. Кейбір үйлердегі су жүйесін жылытып, қалпына келтіруге 3-4 күн кетіп қалады. Сондықтан мүмкіндігі бар тұрғындар арасында өздері қарекет жасап, құбырларын жылытып алғандары аз емес. Осы мақсатты бас инженер Сайлау Қуандықовтың, мастер Ербол Батқаловтың басқаруымен жедел жөндеу шараларын электрдәнекерлеуші, слесарь және эксковаторшылар, апатты жөндеу машинасының жүргізушісі бірлесе атқарып келеді. Біздің қолымызда 7 қыздырғыш бу құралы, 24 метрлік түтікшелеріміз бар. Мүмкіндігінше бүгін бітетін жұмысты ертеңге қалдырмауға тырысамыз.
Мекеменің кірісі мен шығысын бас есепші Мейрамгүл Күнжұманова мен экономист Надежда Костомарова түсіндіріп берді. Сарқан қаласы күнделікті 1000 текше метрден астам су пайдаланады екен. Қала тұрғындарына ауызсу жеткізетін сумен жабдықтау жүйелері тұрақты бақылауда. Су көлемі қаланы толығымен қамтамасыз етеді.
Бүгінгі күні мекеменің теңгерімінде 18 ауылдық елді мекендердегі орталықтанды-рылған су құбырлары бар. Атап айтқанда Алмалы, Қойлық, Қарабөгет, Шатырбай, Екіаша, Амангелді, Көкөзек, Қарғалы, Көктерек, Көкжиде, Шұбартүбек, М.Төлебаев, Абай, Ақтұма, Черкасск, Соколовка, Ақққайың, Лепсі ауылдарындағы су жүйелері қажет құрал-жабдықтармен, штаттық кестеге сәйкес бірліктермен қамтамасыз етілген. Бұдан басқа мекеме теңгеріміндегі ең аумақтысы Сарқан қаласындағы су жүйесі, оның ұзындығы 75 шақырым. Бұған қоса қалада 12 шақырымдық кәріз жүйесі бар.
Мекеменің аудан бойынша қанша текше метр су босататындығы, көрсетілетін қызметтің көлемі, кіріс пен шығыс экономика бөліміне алдағы жұмыс ауқымын айқындауға мүмкіндік береді. Монополияға қарсы комитет бекіткен тариф көлемі, жалақыға, қосалқы бөлшектерге, басқа да материалдарға жұмсалатын шығындар есеп-қисап, қаржы-қаражат бөлімі арқылы жүйеленіп отырады.
Дегенмен, табиғи мінезін танытқан биылғы қыс мекеме жұмысын ширата түсуге қозғау салды. Биылғы жылы су жүйесіне қосылатын абоненттер санын еселеп, кірісті ұлғайтып, қажетті техникалармен жарақтану — уақыттың талабы.

Жомарт ИГІМАН,
аудандық мәслихаттың депутаты.

Мәліметпен бөлісу: