Тасқынға тосқын болар лаж таба алмай

Болмасты сөз қылмаушы ем дабыра ғып,

Қызыл су жүрекке жүк, жаныма жүк.

Тасқынға тосқын болар лаж таба алмай,

Ауыл ағып барады, ауыл ағып.

Кім күткен қарғын деген қанды ауызды,

Өңеші толмайтұғын жалмауызды.

Қапыда қалғаннан соң қамсыз жұртым,

Қидың ғой қарасуға  мал-жаныңды.

Сақадай саймыз деген жиын қайда,

Жалған сөз, жалған уәде тиылмай ма?

Қап-қара әбжыландай ирелеңдеп,

Қашқан су гүрілдей ме, сарылдай ма?

Жағада керең билік бейғам қандай,

Қарайды қолдан келер қайран болмай.

Жататын жазда сусап құрөзектер,

Алапат өзендерге айналғандай.

Апаттың қара бұлты түрілгесін,

Баспана таппай қауым түңілмесін.

Өткенге, кеткенге де салауат деп,

Тамыры тіршіліктің үзілмесін.

Базбіреу жау кеткен соң тұлғасынып,

Созбасын бітер істі ырғатылып.

Дәрменсіз, әрекетсіз әкіміңнің,

Кетпесін уағдасы суға сіңіп.

Жомарт ИГІМАН,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

Мәліметпен бөлісу: