Аға буынға құрмет көрсетілді

«Ардагерін ардақтаған, салт-дәстүрін салмақтаған» саялы өңір қашанда кішіге ізет, үлкенге құрмет көрсетуді мерейлі міндет, абыройлы іс санайды. Жуырда аудандық ардагерлер ұйымы мен аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен шараға қатысқан жан осыны айқын сезінді. «Амина» мейрамханасында жайылған ақ дастархан сан алуан салада еңбек етіп сый мен құрметке ие болған айбынды аталар мен ақ жаулықты аналардың басын біріктірді.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында «Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа аманат» бағ-дарламасы бойынша «Жарасымды көршілер – сенімді әріптестер» атауымен өткен шараны құттықтау сөзімен аудандық әжелер кеңесінің төрайымы Шолпан Асқарғалиева ашты. Жақсы көршіні қазақ қашанда береке бастауы деп біліп, жанның саясына балаған. «Жарасымды көршілер – сенімді әріптестер» атты театрландырылған көрініс көрермендерін шынайылығымен тәнті етті. Онда көрініс тапқан салт-дәстүрдің жас буынға берер тағылымы мол болды. Бұдан соң қзына кеуде қарттарды аудан әкімі Ерғазы Қошанбеков құттықтап шынайы лебізін ақтарды. Сондай-ақ жуырда өткен «Еңбек жолы» облыстық байқауына «Үздік еңбек әулеті», «Өндірістің үздік жас жұмыскері» номинациялары бойынша қатысып, жеңімпаз атанған жандар аймақ басшысының қолынан марапат алды. Ақ тілектерді аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Қадыл Жанасбеков, аудандық мәслихаттың хатшысы Қадыр Абдрахманов жалғаса шараға арнайы келген облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Райхан Серғазинова мен облыстық әжелер алқасының төрайымы Дина Нұрғалиеваның өнері жиылған қауымның зор қошаметіне ие болды. Аудандық әкімдіктің, аудандық мәслихаттың, аудандық ардагерлер ұйымының тарапынан берілген атаулы сый-сияпатқа ардагерлер ыстық ықыластарын білдірді.

Елбасымыз «Рухани қасиет-терді берік ұстанып, қастерлеп сақтаудың үлгісін көрсетуші, айрықша адам – рудың жасы үлкен ақылман ақсақалы болған. Себебі ол тірі тарихқа айналған данышпан ұстаз саналатын… Біз – ақсақалын ардақтаған, салт-жорасын салмақтаған жасампаз жұрттың ұрпағымыз» деген болатын. Ықылас пен ырыс арқалаған ақ бата беріліп, ыстық ықылас төгіліп, әсем әуенмен өрілген шара Елбасының осынау өнегесін тағы бір мәрте дәлелдеді.

П.ЖЕҢІСХАН.

Мәліметпен бөлісу: