Абай ілімі ұшан-теңіз

Ұлы ойшылдың мерейтойы қарсаңында жарық көрген Мемлекет басшысының «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласы ақынға деген үлкен  құрмет сезімімен жазылыпты. Бір демде оқып шығып, «Ұлттық болмыстың үлгісі», «Мемлекет ісінің мүдделесі», «Жаңа қоғамның жанашыры», «Әлемдік мәдениеттің тұлғасы», «Торқалы тойдың тағылымы» атты тараушалары арқылы алдымыздағы тойдың жауапкершілігін зерделедік.

Бізге керегі – Абай жолы. Абай жолында нарық та, демократия да, бәсекелестік те, ғылым-білім де бар. Қасым-Жомарт Кемелұлы бүкіл қазақстандықтарға  ұлы Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге» деген өнегелі өсиетін ұстануды ұсынады. Шын мәнінде де ілгерілеудің негізі ғылым мен білімде екендігін ерте бастан санамызға дарытқан Абай жолының, өсиетінің, жеке бас өнегесінің бағасы біз үшін өте жоғары.  

Ел Президенті Абай мұрасының біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық екендігін айта отырып торқалы тойдың тек ас ішіп, аяқ босату еместігін тағы да ескертті. Осы орайда біз үшін қазақ тарихындағы киелі өлкенің бірі Семей өңірінің мәртебесін асқақтату бағытындағы іс-шаралар өте маңызды. Мемлекет басшысының көкейкесті мәселе көтерген осы мақаласы ел ретінде еңселену, мемлекет ретінде мұратқа жетуді мақсат тұтқан Тәуелсіз еліміздің басты бағдаршамы ретінде Абай тұлғасын биіктету қазақ елін асқақтату екендігінің айғағы.

Жомарт ИГІМАН,

Сарқан аудандық мәслихатының депутаты,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Мәліметпен бөлісу: