Абай және рухани жаңғыру

Ақын Абай өзінің қара сөздері мен  өлеңдерінде туған халқының рухын  жаңғыртуды мақсат тұтқан.  Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында Абайдың ғибратты ғұмыры мен шынайы шығармашылығы тек қана қазақ халқына емес, бүкіл әлем халқына өнеге екенін  баса айтқан болатын. Бұдан 20 жыл бұрын Елбасы Н.Ә.Назарбаев өз сөзінде «Абайдың сөзі-қазақтың бойтұмары» деп айтып кеткен еді.

Қазақ халқының өмірін негізге ала отырып жазған Абайдың қара сөздері  кейінгі ұрпаққа  құран сөзінен кейінгі  елдің бағдаршамына айналары сөзсіз. Хакім Абай өзінің  шығармаларында адами құндылықтарға көп көңіл аударған. Оның дәріптеген адами құндылықтары  адамгершілік, имандылық, инабаттылық, қайырымдылық,  кішіпейілділік, сыйласымдылық  патриоттық сезімдер әр бір сөзінен орын алғанын оқырмандар шынайы сезінуде. Адами құндылықтар бірінсіз бірі өмір сүре алмайтыны түсінікті де. Ақын Абай өз шығармаларында сананы өзгертуге халықты үндеген, адамдарды рухани жаңғыруға үндеген. Оның әрбір өлеңінен жастарды талаптануға, еңбек етуге шақырғаны көрініп тұр. Сана өзгермей рухани жаңғыру болмайтынын баса айтып, жастарға өсиет қалдырған.

Ғұлама ақынның айтқан өсиеттерін орындау Ұлы Дала жастарына аманат деп білемін. Абайдың ілімі, Абайдың ғылымы, Абайдың кемелдігі, Абайдың  кісілігі келешек ұрпақ үшін таптырмас олжа екенін ұмытпайық. Ол өзінің ойларын жастарға ақылымен де, өткір сынмен де жеткізуге тырысқан ғұлама ақын. Ұлағатты ұстаз, дінтанушы ғалым Абайдың өсиеттері ғасырдан-ғасырға мәңгілік жасай беретініне сенімдімін!

К.КОЛУБЕКОВА,

ардагер ұстаз, Сарқан ауданының Құрметті азаматы.

Мәліметпен бөлісу: