
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылғы 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды.
Ел Президентінің тапсырмасын іске асыру мақсатында Талдықорған қаласындағы орталық Арбатта «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында «Адал еңбек – адал табыс» атты бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Шараны облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының облыс бойынша еңбек мобильділігі орталығы мен «Amanat» партиясы жанындағы «Jastar ruhy Жастар қанаты» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы ұйымдастырды.
– Бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде Талдықорған қаласында орналасқан 15 жұмыс беруші 200-ден аса бос жұмыс орындарын ұсынды. Мұндай шара айына бір рет өткізіліп тұрады. Жәрмеңкеде жұмыс іздеп жүрген адамдар, еңбекке жарамды жастағы мүгедектігі бар азаматтар, жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білімі бар жұмыссыз қалған түлектер, пробация қызметінің есебінде тұрған және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтар өздеріне лайықты жұмысты таңдауына мүмкіндіктері бар, – дейді «Jastar ruhy» Жастар қанаты» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының қызметкері Қуаныш Мүслімұлы.
Сондай-ақ, субсидияланатын жұмыс орындарына «Күміс жас», «Ұрпақтар келісімшарты», «Алғашқы жұмыс орны» жобаларына, әлеуметтік жұмыс орындары, жастар тәжірибесі, қоғамдық жұмыстарға, мүгедектігі бар азаматтарға арнайы еңбек орындары жұмысқа орналасуға, қысқа мерзімді оқуға, кәсіпкерлікті дамыту бойынша жаңа бизнес-жобаларды іске асыруға мемлекеттік гранттар алу үшін байқауға қатысуды ұсынды.
Жұмыс ұсынушылардың бірі «Темір сауда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Серіктестік маманы Гауһар Әбілғазинова компанияның негізгі қызметтері мен өздерінде бар бос жұмыс орындары жайында әңгімелеп берді. Айтуынша, серіктестікке бүгінде жүк тасымалдаушы, сату жөніндегі менеджер, қойма меңгерушісі мен басшы көмекшілері және компьютер мамандары қажет. Жас аралығы 18-40 жас болу керек.
Сондай-ақ, олар қызметкерлеріне айлық жалақыны уақытылы төлеп, қажетті жағдайларды қарастырудағы міндетті мінсіз атқарады. Мереке күндері сыйақы да беріледі. Мәселен, жүк тасымалдаушының еңбекақысы айына 150-200 мың теңгеден жоғары. Тек, жұмысшыларға қойылатын басты талап – әркім өз ісіне жауапкершілікпен қарау, тәртіпке бағыну, мүмкіндігінше жан-жақтылы болу.
Өзіне жұмыс іздеп келген азаматтың бірі Аманжол Қожакен. Ол Талдықорған қаласының тұрғыны. Жоғары оқу орнын тамамдаған. Мамандығы дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. – «Оқу бітіргелі өз мамандығым бойынша жұмыс істеген жоқпын. Кез келген істі атқаруға дайынмын. Менде несие бар, оны да уақытылы төлеу керек. Жәрмеңкеден екі қолға бір күрек табамын деген үміттемін», – деді ол.
Шара барысында техникалық және кәсіптік білімі бар студенттерге «Мансап компасы» платформасында кәсіптік бағдар беру, Skills Enbek-те қажетті бағыттар немесе дағдылар бойынша курстар таңдау және «Электронды еңбек биржасы» бірыңғай цифрлық платформасын пайдалана отырып, жұмыс іздеу және оған орналастыру дағдыларына үйрету бағытында кеңестер де берілді.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА