Жерлесіміз Бекен Нұрахметовтың есімі еліміздің кеден саласының негізін қалаушылардың бірі және қарымды қаламгер ретінде танымал. Еліміз егемендік алған отыз жыл ішінде кеден саласында қатардағы лейтенанттан полковник, қатардағы инспектордан кеден басшысына дейінгі жолдан өтті. Басқа салада жүрсе де қолынан қаламын тастаған емес. Кеден ісіне байланысты бірнеше оқулық кітаптар жазып, ғылыми-педагогикалық жұмыстармен де айналысты және кеден заңнамасын жазуға да өз үлесін қосты. Жоғары оқу орындарының «кеден ісі» факультеттерінде мемлекеттік емтихан комиссиясының төрағасы да болды. Оның қаламынан шыққан «Кеден ісі бойынша сұрақтар мен жауаптар – Вопросы и ответы по таможенному делу атты» атты оқулық кітабы еліміздің көптеген жоғары оқу орындарының оқу бағдарламасына енгізілді. Кеден саласын дамытуда сіңірген еңбегі үшін мемлекеттік мараптаттармен қоса «Кеден қызметінің ардагері», «Мемлекеттік кірістер органдарының үздік қызметкері» төсбелгілерімен да марапатталды.
Сонымен қатар кеден саласында жүрсе де, қолынан қаламын тастаған емес. Қызмет пен қаламгерлікті қатар ұштастыра білді. Отыз жыл ішінде «Қорқаулар түнде жортады» атты детектив жанрындағы кітапты, «Менің тағдырымдағы адамдар – Люди в моей судьбе» атты эсселер жинағын, «Жоңғар қақпасындағы «Достық» кедені – Таможня «Достык» у Джунгарских ворот» атты әдеби, тарихи және иллюстрациялық кітаптарын жарыққа шығарды. Қазақстан Журналистер одағы С.Бердіқұлов атындағы сыйлығының лауреаты атанды. Жуырда еліміздің тәуелсіздік алғанына отыз жыл толу құрметіне орай жерлесіміз бұқаралық ақпарат саласындағы көрнекті мақалалары мен сіңірген еңбегі үшін Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі болып сайланып, «Қазақ журналистикасының қайраткері» төсбелгісімен марапатталды. Жерлесімізді аталмыш марапаттарымен құттықтап, еңбегіне жеміс, қаламына ұшқырлық және шығармашылық табыс тілейміз.
«Сарқан» газетінің ұжымы.