Қараңғы қазақ даласына білім шуағы болып шашылған Ыбырай қоңырауының сыңғыры 1-қыркүйек-Білім күні еліміздің 7 мыңнан астам мектептерінде естілді. «Инемен құдық қазғандай» деп бейнелі тілмен берілетін білім алу жолына биыл бірқатар бүлдіршіндер енді қадам басса, 11 сыныптықтар үшін алтын ұя-мектеппен қоштасатын кезең де алыс емес. Ауданымыздағы 30 білім шаңырағы да білім күнін бар сән-салтанатымен атап өтті.
Білім күні мерекесінде аудан әкімі Ерғазы Қошанбеков Абай атындағы мектеп-гимна-зиясының алғашқы қоңырау мерекесіне қатысып, мектеп табалдырығын аттағалы отырған бүлдіршіндерді, оқушыларды, ата-аналарды «Білім күнімен» құттықтап, жаңа оқу жылында ұстаз қауымына табыс тіледі.
Биылғы жылы аталмыш оқу ордасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, мектеп жаңарған, жасарған кейіпте өз келушілерін қарсы алды. Бүгінгі күні мектеп барлық талаптарға сай оқу-техникалық құралдармен жабдықталған, білікті ұстаз-дармен жасақталған. ҰБТ-ның нәтижесі бойынша осынау білім шаңырағының 3 оқушысы алтын белгілерін ақтаса, 24 оқушы жоғарғы оқу орнына білім грантына түсті. Мектеп оқушылары тек білімдерімен ғана емес спорт, өнер салаларында білім ордасының абыройын асқақтатып, мерейін үстем етіп жүр.
Сонымен қатар, биылғы жылғы жаңашылдыққа орай мектепте үш тілді білім беру бағдарламасы қолға алынып, 8 сыныптарда химия, биология және физика пәндері ағылшын тілінде жүргізілетін болады.
Шара барысында мектеп өнерпаздары әсем әндерден шырқап, мың бұрала би билеп, мерекенің мәні мен сәнін келтіре түсті.
Өз тілшіміз.