Қала мерейі тасыған күн

Ауданымызда аталып өтілетін мерекелер қатарын соңғы жылдары «Қала күні» шарасы толықтырды. Өзіндік өрнегімен көпшілік қауымның қызығушылығын тудырып үлгерген биылғы айтулы мереке ауқымдылығымен ерекшеленді.

Орталық стадионның кіребе-рісіне қанат жайған көрме осындағы барлық мекеме-ұйымдардың, әлеуметтік нысандардың тыныс-тіршілігін паш еткендей. Келуші қауым қала тарихынан сыр шертетін кітап және сурет көрмесін тамашалап, өзімізде өндірілетін өнімдердің молдығына тәнті болды. Негізгі шараның ашылуында түрлі деңгейдегі жарыстарда олжа салып, аудан абыройын асқақтатып жүрген велоспортшыларымыздың көк туды көкке көтеріп көп алдынан өтуі, бокстан, джи-джитсудан, көңілді эстафетадан, қашықтыққа жүгіруден жарыстардың өріс алуы жиналғандардың отаншылдық сезі-мін әуелеткені сөзсіз. Көпшілікті аудан әкімі Ерғазы Қошанбеков құттықтап, спорттық жарыстардың жеңімпаздарын марапаттады. Ортақ үйіміздің тазалығына өзіндік үлестерін қосып жүргендерді «үлгілі аула» атауымен ардақтау, бұл күні дүние есігін ашып, тұрғындар қатарын толықтырған нәресте есімін жұртшылыққа жария ету осынау мерекенің ажырамас бөлігі іспеттес. Аталмыш жандар аудан басшысының қолынан сый-сияпат көріп, мерейлері тасыды. Жерлесіміз, белгілі эстрада жұлдызы Серікбол Сайлаубектің өнер көрсететіні бұдан бұрын да хабарланған болатын. «Туған жерге тағзым» акциясы аясында өскен өңірге аяқ басқан эстрада өкілінің өнері мереке мерейін асырғаны сөзсіз. Шара соңында қала аспанын отшашу түрлі түске бояды.

П.ЖЕҢІСХАН.

Мәліметпен бөлісу: