Қаламы қуатты, жан-дүниесі шуақты

Журналист мамандығына адал қалпында басшылық баспалдағымен қызмет бабында өскен Кәкімжан аға Қазыбаевтың жарқын бейнесін қаламгерлердің төл мерекесі аясында еске алудың реті келіп-ақ тұр. Биыл туғанына 90 жыл толатын жерлесіміздің журналистік қырын қаламдастарының бағасы арқылы оқырмандармен жете таныстырғанды оңтайлы көріп отырмыз.

1978 — 1983 жылдар аралығында Қазақтың С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетінің журналистік факультетінде оқып жүрген біздің тәлім алар тұлғаларымыздың қатарында Кәкімжан ағаның есімі аталатын. Кезінде «Лениншіл жаста» жалынды публицистикасымен, деректі туындыларымен жарқ етіп көрінген қаламгер ағамыз Алматы облыстық «Жетісу» газеті редакторының орынбасарлығынан Қазақстан Орталық Комитетінің аппаратына жауапты жұмысқа шақырылған. Екі басылымда белгілі бір орында табаны күректей жиырма жыл отырған Кәкеңнің партиялық қызметке барысымен жұлдызы жарқырап шыға келеді. Араға санаулы жылдар салып, Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасының орынбасары, Қаз ТАГ-тың бас директоры болып, Қазақстан КП Орталық комитетінің хатшылығына дейін көтерілді. Қызмет баспалдағымен қанша биіктегенімен де кішіпейіл кісілік келбеті өзгермегенін ол кісімен тұстас ұстаздарымыз ұдайы айтып отыратын. Сонымен қатар бізден бір-ер курс төмен оқыған Бекен Нұрахметовтың ағаның туған жиені екенін естіп, қаламгерліктен қайраткерлікке дейін өскен Кәкімжан ағаның  үйдегі бітім-болмысы жөнінде білгіміз келіп, жақын тартып пікірлесіп жүретініміз де есімде.

«Оңайдан тапқан — оңғақ, қиыннан тапқан-қымбат» дегендей журналистік кәсіп-оңайлықпен дарымайтын, қиыннан табылатын қымбат өнердің бірі десек асырып айтқандық бола қоймас,-дейді аға жөніндегі естелігінде қарт қаламгер Әбдіуәли Қарағұлов.- Ал осындай мәртебелі міндет журналисті шарқ  ұрып ізденуге, өмір дариясына терең бойлап, еңбектенуге үйретеді. Мұндай ұмтылыста журналист қаламдас жолдастарымен шығармашылық сайысқа түсіп, тапқан-таянғанын сарапқа салады. Осындай екшеуден өтіп, оның қаламынан шыққан материал редакция ұжымының қазанында қайнап, газет бетінде жарияланады да ұжымдық еңбек сипатына ие болады.

Осы пікірдің иесі Әбдіуәли аға «Жетісу» газетіне 1959 жылы редактор болып келіп, сол кезде жасы отыздар шамасындағы уылжыған жас журналист Қазыбаевты «Лениншіл жас» газетіндегі қызметінен редактордың орынбасарлығына шақырады.  Талантты азамат мұнда журналистердің шығармашылық кеңесін құрып, «Қызықты ойлар сағатын» ұйымдастырады. Бұл кеңестің апта сайынғы ілездемеден айырмашылығы мол еді. Газетке шығып кеткен материалдар жөнінде пікір алысудан басқа өскелең талап тұрғысынан келер күнге ой жүгіртіп, журналисті үздіксіз ізденуге жетелейді. Облыстық газетті республикалық газеттердің дейгейіне көтеру мақсатында ұжымдық ізденіс жалғасын тауып оқырманды тартатын тағылымдық, танымдық материалдардың жиі берілгендігін көне көздер әлі күнге дейін ұмытпай айтып отырады.

Кәкімжан Қазыбаевтың журналистік қызметі басталған «Лениншіл жаста» өзіндік ізі қалды. Оның әріптес досы Сапар Байжановқа жазған хаттарынан ізденгіштігі, ертеңге деген нық сенімі анық байқалады. «Сапар! Сәлем. Бұл хатты мен саған Қостанай қаласынан жазып отырмын,-дейді ол 1957 жылы 20 сәуірде жазылған хатында. — 25 наурызда редакциядан алты адам жан-жаққа командировкаға шыққан болатынбыз. Мен сол әлі Қостанайдамын. Кеше Ұзынкөл, Меңдіқара, Зотобол аудандарын аралап келдім. Білмейтін дүниеміз көп екен. Оқығаның, естігенің көргендей болмайды екен.

Біздің мамандықтың бір тамашасы сол, түрлі нәрсені білуді талап етеді ғой. МТС-қа барсаң оның жұмыс құрылысы жөнінде түсінігің болмаса сөйлеса аласың ба, сауда қызметкерлеріне, болмаса сауда орнына кездестің дейік, сол істен ептеп-септеп хабарың болмаса сөйлесе аласың ба? Әрине, қиын түседі. осындай ерекшеліктерін ескеріп келгенде өз мамандығыңа сүйінесің. Жалқау болсаң да сені өз еркіңнен тыс, әйтеуір алға итермелейді. Көп нәрсені білуге жетелейді. Өмірден үйрен деп итермелейді. Мұнысы енді тамаша -ақ. Мақтаныш болмасын осы жолы ауылшаруашылығының көптеген істерімен танысып қалдым. Шамам келгенше көрген нәрсемді тәптіштеп білуге тырысып жүрмін-ау…»

Хаттардың айтары мол. Хат авторының өз мамандығына деген сүйіспеншілігі әрбір жолынан менмұндалап тұр. Қанша жылдар өтсе де жас журналистерге таптырмайтын қағида сияқты. 

Қатарластары журналист Кәкімжанның шапшаң жазатынын, өнікті жазатынын жарыса айтады. Қолжазбасында шиырылған шимай шатпақтар бола бермейтін көрінеді. Ой ырқына ерік беріп, қиналмай, күшенбей еркін де жеңіл жазатынын айтады. Екінші бір айрықша қасиеті сөйлемдері шұбалаңқы емес, қысқа орамды, нақпа-нақ, көңілге қонымды өрілетін деседі. Осының барлығы да біздер үшін кезінде де, қазір де үлгі болып келеді.

«Әмбебап білгірлігі мен іскерлігі, жазуға салсаң жазуға, аудармаға салсаң аудармаға, макетке салсаң макетке ұста, әрі қаламы ұшқыр, әрі мінезге бай, ұйымдастыру жұмысына бекем кемел қасиеттері оның айналасында сүйкімді, беделді болуына, биік тұғырларға көтерілуіне кепіл болғаны күмәнсіз»,-дейді көрнекті жазушы — журналист Сапар Байжанов.  Батыр Бауыржан Момышұлының кеңесімен Кәкімжан ағаның 1956 жылы «Лениншіл жас» газетінде Рақымжан Қошқарбаев туралы очерк жазуы Рейхстагқа алғаш ту тіккен өз Батырымызбен табыстырды. Алғашқы очеркін тың деректермен толықтырып К.Қазыбаев қаламынан Қошқарбаев туралы кітап та жазылды. Рейхстагқа ту тігілген Жеңіс күнінен бері 54 жыл өткен соң барып Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Рахымжан Қошқарбаевқа Халық Қаһарманы атағы берілді. 

Кәкімжан ағаның ұрпаққа өнегесі қалды. Есімі ел есінде. Алматыда, Талдықорғанда, туған жері Ақсу-Сарқанда көше атаулары бар. Бақалыдағы орта мектеп, Қойлықтағы мәдениет сарайы, туған ауылы Ағарту Кәкімжан Қазыбаев атында. Қойлықтағы мәдениет сарайының алдындағы қаламгер — қайраткердің мүсіні ел есіндегі азаматтардың ұмытылмайтындығының айғағы.

Жылдар жылжып, арада ай аунасын,

Белгілі Сіздей тұлға таба алмасым,

Сіз жазған асыл сөзге қана алмасым.

Ұмытпай еске алады ел қайраткерін,

Уақытқа сыр бермейтін ақ алмасым.

Жылдар жылжып ғасырға жалғасса да,

Дарынсыздың мұрасын шаң басса да,

Өлермен атақ –даңққа жармасса да.

Жазғандарың жұртыңа азық болды,

Сан құбылып бұл қоғам алмасса  да.

Жан емессің жалғанға бұрылмаған,

Бағытыңды бұзбады құйын заман,

Ұмыттырмас ұршық-күн зырылдаған.

Орталық Комитетке хатшы болу,

Кез-келген қаламгерге бұйырмаған.

Ақылыңа жүріпті ұйып көрген,

Алға адаспай бастады тұнық зердең,

Қолтаңбаңды көреміз ірі істерден.

Халқың қалай ұмытсын төл перзентін,

Елдің сөзін сөйлеген биік төрден.

Асыл сөзбен ұрпаққа жайдың кілем,

Кіл тосын тақырыпқа салдың түрен,

Шәкірттерің тасындай сайдың кілең.

Есті ағасын ұмытпай еске алады,

Жұрт жадында мәңгілік қалдың білем.

Жомарт ИГІМАН,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

Мәліметпен бөлісу: