Алдағы міндет ауқымды

Лепсі өңірінен бастау алған жиында аудан әкімі Марат Разбековтың «2018 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2019 жылдың жоспарлары туралы» есебi тыңдалды. Есеп беру жиындарын аудандық мәслихаттың хатшысы Қадыр Абдрахманов ашып жүргізді. Алдымен Қарашыған ауылдық округінің тұрғындарымен кездескен аудан басшысы ауылдық округ әкімі Бектілеу Тоқтасыновтың жыл бойғы атқарған жұмыстарының нәтижесімен танысып, ауыл тұрғындарын аудан бойынша өткен жыл қорытындылары мен алдағы міндеттер туралы хабардар етті.

-Өткен жыл ауданымыз үшін жаңа жетістіктер мен әлеуметтік жаңару жолында алға қарай қадам жасаған жыл болды,-деді өз есебінде Марат Мелісұлы. -Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерді орындауда бірқатар оң өзгерістерге қол жеткіздік. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша жүргізілген  жұмыстардың нәтижесінде аудан экономикасы тұрақты дамып, аудан бюджетінің кірістер бөлігі көбейді.

Аудан ауыл шаруашылығына қолайлы болғандықтан, аудан халқының басым бөлігі осы салада жұмыс істейтінін алға тартқан аудан әкімі  2018 жылы өндірілген  ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемімен таныстыра келіп, ауыл шаруашылығы құрылымдарының жұмыс нәтижелерін саралады. 

Ауданда өткен жылы 5 сервистік дайындау орталығы жұмыс атқарды. Жыл соңына қарай  Қарабөгет ауылдық округінде «Еркін» Сервистік – дайындау орталығы» және Алмалы ауылдық округінде «Ерсайын» Сервистік – дайындау орталығы» Әділет басқарамасынан тіркеуден өтіп, техникаларын көктемгі дала жұмыстарына дейін алуы жоспарлануда.   

Марат Мелісұлы ауыл шаруашылық техникаларының сапалық деңгейіне,  ауыл шаруашылық кооперативтерін құрудың  барысына,  жеке кәсіп ашып, ауыл шаруашылығы саласына тың технологияларды енгізіп, мол өнім аламын дегендерге мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған  жан-жақты қолдауға кеңінен тоқталды. Сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерліктің,  салықтар және бюджеттің, аудан жолдарының, жолаушылар  тасымалдаудың, сумен қамтудың, құрылыс саласының, туризмнің, нәтижелі жұмыспен қамтудың, білім беру, денсаулық сақтау,  спорт және дене шынықтыру,  мәдениет, жастар  саясаты, ішкі саясат салаларының тыныс-тірлігін өз есебіне арқау етті. Сонымен қатар өткен жылғы жиында көтерілген олқылықтардың орнын толтыру барысындағы атқарылған жұмыстар атап көрсетіліп, алдағы міндеттер көпшілік назарына ұсынылды.

Жарыссөзге шыққан Шұбартүбек ауылының тұрғыны Оқан Базарбаев, Қарашыған ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Кәдірстан Құдайбергенов аудан әкімінің жұмысына қанағаттанарлық баға бере отырып, тіршілік түйткілдеріне қатысты кемшіліктерді ортаға салды.

Лепсі ауылдық округіндегі есепті жиынға жиналған көпшілік ауыл әкімі Гүлнар Серікбаеваның хабарламасына ден қойып, аудан әкімі Марат Разбековтың есепті баяндамасын зор ықыласпен тыңдады. Баяндамаларды талқылауға ауылдық ақсақалдар алқасының мүшесі Әділхан Бижігітов, кәсіпкер Болат Байғанышев, жас ұстаз Мөлдір Кәріпбай қатысып, аудан және ауыл көлемінде атқарылған жұмыстарға оң бағаларын берді. Жиында көпшілік атынан Тоқан Мамырайымов, Азамат Құттыбеков ауыл адамдарының тұрмыс-тірлігіне қатысты сауал жолдады.

Көктерек ауылының тұрғындары ауыл әкімі Серік Смағұловтың, аудан әкімі Марат Разбековтың есепті баяндамаларын  талқылауға атсалысқан ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Орынтай Аманбаев, жастар атынан Берік Асқарбеков ауылда және ауданда атқарылған жұмыстарға қанағаттанарлық баға беріп, ауылдықтарды алаңдататын түйткілді мәселелерді өз сөздеріне арқау етті.

Лепсі өңірінде өткен жиындарға қатысқан аудандық бөлім, мекеме, кәсіпорын басшылары өздеріне қатысты сауалдарға тиянақты жауап берді. Жиналғандар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты ауқымды міндеттермен танысып, көп көкейіне келер күннің көкжиегіне деген сенім ұялады.

Ж.Мақатұлы.  

Мәліметпен бөлісу: