«Ең алдымен елімді аман қыла гөр, аман елдің азаматы көп болады»,- дейді қалың жұртқа қамқор болған қазақ абыздары. Елді мекендердің тыныс-тірлігімен танысу және төтенше жағдай режимімен карантин шектеулері кезіндегі ауыл-ананың жай-жапсарын білу мақсатындағы аудан әкімі Талғат Қайнарбековтың жұмыс сапары жалғаса түсуде. Лепсі өңірінен кейін Алмалы және Бақалы ауылдық округтеріне қадам басқан аудан басшысы ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршілігімен танысып, ауылдың маңызды деген бірнеше әлеуметтік нысандарын аралады, мекеме қызметкерлерімен кездесті.
Осы сапар барысында ауыл әкімдері жылдар бойы шешімін таппай жүрген мәселелерді көтерді. Атап айтқанда: қаңырап бос тұрған нысандардың іске қосылуына қаражат қарастыру, сапалы жол, шағын спорттық алаңдарын салу, мектептердің спорттық залын заман талабына сай жабдықтау, сонымен қатар, кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету ауылдардың бас ауруына айналғаны шындық. Осы мәселелерді шешу мақсатында аудан басшысы мекеме басшыларына жаңа жоба ұсынып, қарастыруды тапсырды.
Осы талап тұрғысынан алғанда Алмалы, Бақалы ауылдық округтерінде «Жұмыс-пен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша бірнеше нақты жоспар-жобалар бар. Мектептердегі дәретхана, ішкі жолдардың ағымдағы жөнделуі, таза ауыз судың құбырларын ауыстыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асуда.
Ауылдардағы бағдарлама бойынша іс жүзіне асырыла бастаған жөндеу, құрылыс жұмыс учаскелеріне арнайы барған аудан басшысы мердігерлермен жүздесіп, ауқымды жұмыстарды атқарудағы мерзім мен сапаны басты назарда ұстау қажеттілігін естеріне салды. Бұл бағдарламаларды жүзеге асыруға «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында аталған ауылдарда жұмыссыз жүрген 32 ауыл азаматтары тартылған болатын.
Талғат Қанатұлының кезекті жұмыс сапары Амангелді ауылдық округіне бағытталып, туған өңірді түлетуге орай алдағы міндеттер ауыл тұрғындарымен кеңесе отырып сараланды. Әкімнің алдынан шыққан проблемалар көршілес ауылдардың хал-ахуалдарымен тағдырлас. Мұнда да қаңырап бос тұрған нысандар аз емес. Жол сапасы да көпшіліктің көңілінен шықпайды. Мектепті күрделі жөндеуден өткізуге қаражат қарастырылуы тиіс. Ауылдың ішкі көше жолдарына қатты жабын төсеу, шағын өндіріс ошақтарының ашылуына ықпал ету сонымен қатар, пошта, ауылдық амбулаторияны кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету бір сәтте назардан тыс қалмауы тиіс. Талғат Қанатұлы ауылдық округтегі «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан нақты жобалардың жай-күйімен танысу мақсатында мердігерлермен дидарласу үстінде маңызды жұмыстардың сапасына баса назар аударды.
Сарқан ауданының әкімі Талғат Қайнарбеков Қарабөгет және Қойлық ауылдық округтеріне жұмыс сапары барысында ауыл тұрғындарымен кездесіп, елді мекендердің еңсесін көтеру бағытындағы нақты жұмыстарды саралап, алдағы міндеттерді айқындады. Ауданның басқа ауылдарындағы көрініс мұнда да қаз-қалпында қайталануда. Ауылда саябақ салу, ауылдық амбулаторияны жедел жәрдем көлігімен қамтамасыз ету сияқты бірқатар мәселелер заң аясында шешімін табуы керек.
Осы мәселелерді шешу мақсатында аудан басшысы мекеме басшыларына нақты тапсырмалар берді:
Ауылдың аркасынан бастап ретке келтіріп, бос тұрған ғимараттардың құжаттарын реттеп, іске қосу керек. Сондай-ақ, ауыл халқына жаңа жұмыс орнын ашу, сиреп бара жатқан алма бақтың ауқымын ұлғайту, Теректі өзені жағалауын абаттандырып, туризм саласын дамыту басты міндетіміз, — деді Талғат Қанатұлы.
Өз тілшіміз.