Өткен жұмада аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудандық партияның активімен мерекелік жиыны өтті. Аудандық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшелері, мекеме басшылары, бастауыш партия ұйымының төрағалары, партия мүшелері мен БАҚ өкілдері қатысқан жиынды аудандық партия филиалының төрағасы Марат Разбеков өзі жүргізіп, күн тәртібінде қаралатын мәселемен таныстырды.
Жуырда Елбасы, партия төрағасы Н.Назарбаев партияның аймақтық филиалдары өкілдерімен кездесу барысында партияластарға бірқатар міндеттерді жүзеге асыруды тапсырған болатын. Жер жерде өткізіліп жатқан осы тектес жиындардың басты мақсаты жүктелген тапсырмалар аясында нақты міндеттерді айқындап, жұмысты жауапкершілікпен атқару. Келелі кеңестегі алғашқы сөзді «Nur Otan» партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Аслан Күбентаев алып, Елбасының сөзіне арқау болған өзекті мәселелерге жан-жақты тоқталды. — Ағымдағы жылдың 25 – ші қараша күні Қазақстанның барлық өңірлерінен партия мүшелері Елордада жиналып, партия көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төрағалығымен өткен кеңеске қатысып қайттық.
Кеңесте еліміздің әрбір аймағы, ең шалғай аудандары мен ауылдарын дамытудың өзекті мәселелері талқыланып, партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру және елдің жетекші саяси күшінің жұмысын қайта жаңғырту бойынша нақты тапсырмалар берілді. «Nur Otan» партиясының «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – партияның жеті серпіні» атты қайта жандандыру бағдарламасында партияның мүшелерін топтастыру, қатарымызға басқа да белсенді азаматтарды тарту және партия қатарын «тазалау» жұмыстарын жүргізу біздің негізгі міндет, — деген баяндамашы партияішілік демократияны дамытуға, мүшелерді іріктеуге ерекше көңіл бөлінгендігін сөзіне арқау етті.
Тағы бір келелі мәселе партия ішінде қоғамды толғандыратын өзекті мәселелердің толық спектрінің көрсетілуі. Қоғамдық көңіл-күйді мониторингтеуді күшейтіп, әлеу-меттік зерттеулер арқылы әлеуметтік топтардың мұқтаждықтарын зерделеп, БАҚ пен әлеуметтік желі-лерге мониторинг жүргізу қажет, партиялық бақылау комиссиялары, партиялық жобаларды, қоғамдық қабылдау бөлмелері мен БПҰ-дардың жұмыстарын күшейту бүгінгі таңда өзекті екендігін айрықша атап өткен Аслан Нұрахметұлы сондай-ақ жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында партия бірқатар қажетті емес және нысанды іс-шаралардан бас тартып, есептілік 5 есе қысқарғандығын жеткізді. Сондай-ақ партиялық жобалардың саны 4 есе азайтылып, 24 партиялық жоба оңтайландырылуы, яғни өз жұмысын тоқтатуы нақты нәтижеге деген жұмыстарға айқын басымдылық берілгендігін аңғартады. Әсіресе әлеуметтік топтарға бағдарланған жобалардың жүйелі жұмысы партия назарында. Келелі кеңесте партия төрағасы тапсырған тағы бір шаруа ол жергілікті мәслихаттардың рөлін күшейту. Қазіргі таңда мәслихаттардың нақты ықпал ету тетіктері бар. Ауылдық деңгейдегі барлық әкімдердің 90%-ын мәслихаттардың депутаттары сайлайды. Сонымен қатар бюджеттерді, аумақтарды дамыту бағдарламаларын бекітеді, қаражаттың жұмсалуын бақылайды. Бүгінде негізгі реформалар өңірлерді дамытуға бағытталған. Соңғы 10 жылдың ішінде жергілікті бюджеттер 3 есе артып, 4,7 трлн. теңге құрады. Үкімет өңірлерді қолдау, әсіресе, ауылдарды қолдауға, жаңа жұмыс орындарын жасауға және әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған бағдарламаларды қабылдады. Мәселен, ауылдарды қолдау мақсатында 2026 жылға дейін 2 триллион теңгеге жуық қаражат бөлінеді. Алдағы 3 жылда халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 560 млрд. теңге қарастырылған.
Партияның беделін арттыруда депутаттардың өзіндік үлес қосуы керектігін айтып өткен баяндамашы жекелеген бағыттар бойынша депутаттардың жұмысын күшейту керектігіне мән берді. Ол үшін әрбір әкімнің және мәслихаттардағы фракция депутаттарының партиялық жауапкершілігін түбегейлі түрде күшейту, бөлінетін қаражаттың жұмсалуына нақты партиялық бақылауды қамтамасыз ету және депутаттар белсенді жұмыс жүргізіп, халықпен кездесіп, олардың мәселелерін шешуге, БАҚ үшін ашық болуға, әлеуметтік желіде белсенді болуы маңызды. Сонымен қатар аудандық партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде жыл басынан бекітілген кестеге сәйкес мемлекеттік органдардың бірінші басшылары 137 қабылдау жүргізіп, 232 адам қабылдаған. Нәтижесінде 75 азаматтың мәселесі оңтайлы шешілсе, 157 адамға заң аясында кеңес берілген. Баяндамашы өз сөзін қорытындылай келе: «Құрметті әріптестер, партияластар! Алдымызда ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Елбасының тапсырмасы бойынша біз халық пен биліктің арасындағы алтын көпірге айналып, қарапайым халықтың мүддесінен шығуға тырысуымыз қажет. Әрбір партия мүшесін өзіне жүктелген міндетті жоғары деңгейде атқарып, партияның жаңғырту жұмыстарына өз үлесін қосуға шақырамын»,-деді.
Жиын барысында облыстық мәслихат депутаты Жамал Ағабдолдақызы сөз алып, ортақ істің ілгерілеуі жолында жұмыла жұмыс жасауға үндеді. Жиынды қорытындылаған аудан әкімі, «Nur Otan» партиясы аудандық филиал төрағасы Марат Мелісұлы жиналған қауымды «1 желтоқсан — Тұңғыш Президент күнімен» құттықтап, белсенді партия мүшелерін алғыс хатпен марапаттаса, жаңадан қабылданған партия мүшелеріне партиялық билетті салтанатты жағдайда табыстады.
П.ЖЕҢІСХАН.