Алдағы міндеттер ауқымды

Дүйсенбі күні аудандық мәслихаттың кезекті сессиясы өтіп, сессияны аудандық мәслихат хатшысы Қадыр Абдрахманов жүргізді. Сессияда  аудан әкімі Марат  Разбеков  аудандық мәслихат депутаттарының алдында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының 2019 жылдың 7 айлық қорытындысы бойынша есеп  берді. Есепті жиынға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Төеубек Мұқашев, Алматы облысы мәслихатының депутаты Жамал Құлахметова, аудандық мекеме-ұйым және қоғамдық бірлестіктердің басшылары қатысты.

-Осы жыл ауданымыз үшін жаңа жетістіктер мен әлеуметтік жаңару жолында алға қарай қадам жасаған жыл болды. Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерді орындауда бірқатар оң өзгерістерге қол жеткіздік. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша жүргізілген  жұмыстардың нәтижесінде аудан экономикасы тұрақты дамып, аудан бюджетінің кірістер бөлігі көбейді,- деп бастады сөзін Марат Мелісұлы. — Ауданда 2019 жылдың 7 айында 2 млрд. 404 млн. теңгеге өнеркәсіп өнімі өндіріліп, 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 143,8% (2018ж –1672,3 млн.теңге) өсті. Нақты көлем индексінің көрсеткіші 100,7 пайызды құрады.

Бұдан соң аудан басшысы  ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемін,   мемлекеттік бағдарламалардың игілігін атап өтіп, есепті кезеңдегі мал санын, ет өндірудің бағытын, ауыл шаруашылығы өнімдері тапсырмаларының  орындалу деңгейін өз есебіне арқау етті.   Баяндамаға негізінен алғанда экономикамыздың негізгі қозғаушы күші саналатын кәсіпкерлікті дамыту, жергілікті кәсіпкерлерді қолдау бағытындағы жұмыстар негіз болып,  негізгі капиталға тартылған инвестицияларға баса назар аударылды. Әрине  аудандағы жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының күйі, сумен қамту, құрылыс,  туризм,  халықты жұмыспен қамту, білім беру,  денсаулық,  спорт және дене шынықтыру,  мәдениет,  жастар  саясаты есептен тыс қалған жоқ.  Есепті баяндаманы талқылауға аудандық мәслихаттың депутаттары Мұрат Түсіпов, Аслан Абдрахманов қатысып, жұрт көкейіндегі сауалдарды ортаға салды. Аудан әкімі Марат Разбеков жұртшылық атынан түскен сұрақтарға жауап беріп, алдағы міндеттерге тоқталды.  Депутаттар бірауыздан Сарқан ауданының 2019 жылдың 7 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын және аудан әкімі М.Разбековтың аудандық мәслихат депутаттарының алдында өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы туралы есебін қанағаттанарлық деп таныды.

Сол күні Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Төлеубек Мұқашев жергілікті қауымдастық өкілдерінің «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару» Заңына өзгерістер мен толықтырулар  енгізу туралы пікір – ұсыныстарымен танысты. Сенатор алдымен Парламент қабырғасында атқарылған жұмыстарға шолу жасап, Президент Қасым — Жомарт  Тоқаевтың Ант беру рәсімінде сөйлеген сөзінен туындайтын он бағытты саралап берді. Жиында сөз алған аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Сәдуақас Садықов, Черкасск ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы Төлеухан Битембиев, жергілікті қауымдастық мүшелері Әнуарбек Темірбаев, Гүлшарбан Қалиева, Төкен Тұрсынханов көпшілікті мазалап жүрген көкейкесті сауаларды көтерді. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша  аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция майоры Мұрат Қалиасқаров сөз алып, жергілікті полиция қызметінің атқарған жұмыстары мен міндеттеріне тоқталды. 

Жиынды сенатор Төлеубек Мұқашев қорытындылап, жергілікті өзін-өзі басқару туралы заңға толықтырулар енгізу бағытындағы ұсыныс-пікірлері үшін қауымдастық мүшелеріне ризашылығын білдірді.

Ж.МАҚАТҰЛЫ.

Мәліметпен бөлісу: