Алдағы міндеттер нақтыланды

Аудан әкімі Марат Разбековтың  кезекті халық алдындағы есебі іргелі елді мекендер Бақалы, Қойлық, Қарабөгет ауылдық округтерінде жалғасып, бұл басқосуларда ауданның 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы бойынша аудан басшысының және ауыл әкімдерінің есепті баяндамалары тыңдалды, әкімдер 2020 жылдың жоспарларымен бөлісті. Үш округ  тұрғындарының өздерін мазалап жүрген түйткілді мәселелер бойынша ұсыныстарын тыңдаған Марат Мелісұлы олардың шешімін табу жолдарын қарастырды.   

Тұрғындар есепті кездесуден кейін әкімнің жеке қабылдауына жазылып, әр түрлі сипаттағы сауалдарымен қатар жеке мәселелерін жеткізді. Бұл сауалдардың барлығы енді аудан басшысының назарында болады.

Бұдан соң Черкасск, Шатырбай, Аманбөктер, Екіаша, Амангелді, Алмалы ауылдық округтерінде өткен жиындарда тұрғындар ауылдың, ауданның жылдық қорытындысы мен алдағы жоспарларымен танысып, осы басқосуларда және қоғамдық қабылдауда өзіндік  ой-пікірлерімен бөлісті.

Аудан басшысының Сарқан қаласындағы есепті кездесуі гуманитарлық колледждің мәжіліс залында өтті. Алдымен қала әкімі Амантай Орынбеков жұртшылық назарына атқарылған жұмыстарды ұсынып, алдағы міндеттерге жан-жақты тоқталды. Аудан әкімі Марат Разбековтың баяндамасын ынта қоя тыңдаған көпшілік атынан сөз алған қалалық әжелер алқасының төрайымы Күлшарбан Қалиева, №1 мектеп-гимназия директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Татьяна Станкеевич қалада және ауданда атқарылған нәтижелі жұмыстарды арқау етіп, есепті баяндамаға қанағаттанарлық баға берді. Жиыннан соң Марат Мелісұлының қоғамдық қабылдауында жекелеген тұрғындардың өтініш, ұсыныстары тыңдалды.

Ж.МАҚАТҰЛЫ.

Мәліметпен бөлісу: