Бүгін Талдықорған қаласының Көрме орталығында «Ұлы Дала хикаялары» атты көрменің ашылу салтанаты өтті.
Аталмыш шара Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында, Алматы облысы әкімдігінің ұйытқы болуымен ұйымдастырылды.
Көрмеге қолынан өнер тамған 12 суретшінің 100 — ден астам туындылары қойылды. Олар: Алмагүл Меңлібаева, Сәуле Сүлейменова, Рашид Нұрекеев, Асхат Ахмедьяров, Сәуле Дүйсенбина, Әлібай Бапанов, Молдақұл Нарымбетов, Виталий Симаков, Саид Атабеков, Смаил Баялиев, Арыстанбек Шалбаев. Бұлар заманауи өнердің негізін қалаған жарқын идея мен сүбелі ойға толы азаматтар.
Өнер тапқыш дарын иелерімен бірге куратор, ғылым докторы, өнертанушы Юлия Сорокина және халықаралық куратор-Лиза Ахмади шараға бірге келді.
Айта кетсек, бұл Қазақстан бойынша алғаш рет ұйымдастырылып отырған ауқымды жоба.
Көрмені тамашалауға қатысқан жандар ұлтымыздың бірегейлігі мен тұтастығын сақтап тұрған ұлттық нақыштағы өнер туындыларымен танысты.
Заманауи өнер туындылары бір арнада тоғысып, қазақ халқының мәдениетін асқақтататын көрме 13-ші тамызға дейін жалғаспақ. Көрме барысында әртүрлі тренингтер ұйымдастырылады.