Алматы облысында қазақ тілінің жаңғырылуы талқыланып жатыр

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында осы жылдың соңына дейін графикадағы әліпбидің бірыңғай стандартын қабылдауды, ал келесі жылы оқу әдебиеттерінде дайындықты бастау міндетін қойған еді. Күні кеше Мәжілісте «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандарттарын енгізу мәселелері туралы» парламенттік тыңдау өткізіліп, онда осы бағдарламалық мақалада көрініс тапқан іргелі жобаға байланысты ордалы ойлар айтылды. Бұл бастаманы жетісулықтар да қызу қолдап, мемлекеттік маңызды мәселеге орай өздерінің байыпты пікірлерін білдіруде.

 

Тіл сарайында Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйытқы болуымен өткізілген «Латын әліпбиі: жаңғыру –жазудан басталады» атты келелі жиын барысында өңіріміздің қоғам белсенділері бағалы бастаманы қолдайтындықтарын айтып, осы орайда өз пікрлерін ортаға салды.

Жиынды облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Башбаев ашып, жүргізді. Өз сөзінде ол латын әліпбиіне көшу – Елбасымыздың алға қойған ауқымды мақсатының бірі екендігін айтты.

–Парламенттегі тыңдау қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің дер кезінде қоғамға кең түсіндіру шарасы болуымен құнды деп есептеймін. Қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің тарихи негізділігі, заманауи өзектілігі, жаңа әліпбидің байқау нұсқасы халыққа ұсынылды. Ендеше, біздің міндетіміз ел дамуы үшін ұсынылып жатқан ұлы идеяларды тек түсініп қана қоя салмай, олардың іске асуына белсене атсалысуымыз қажет – деді басқарма басшысы Айдар Карбозұлы.

Келелі жиынның күн тәртібіндегі алғашқы сөз облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Нүсіпбай Әбдірахымға берілді.

–Кез-келген бастаманың сәтті жүзеге асуы үшін оған қоғам тарапынан сұраныс болуы керек. Ал, латын қарпіне көшуге қатысты мәселе қоғам тарапынан зор қолдауға ие болып отыр.
Өздеріңіз жақсы білесіздер,халқымыздың әліпбиі бірнеше рет өзгерген еді. Көне түркі жазуын былай қойып, қазақтар он екі ғасыр бойы араб жазуын пайдаланып келді. Тарихымыздың қаншама бөлігі, үлкен қатпары араб жазуымен жазылған еді. Сол араб жазуын өзгертуде жоғалтқанымыз көп болды. Өйткені…араб жазуының реформаланғанын жақсы білесіздер,

А. Байтұрсынұлының реформасынан кейін төте жазуға көштік. Төте жазудан кейін аз уақыт латын әліпбиі қолданылып келіп, бірден кириллицаға ауыстық. Сөйтіп, өзіміздің тарихымыз жазылған әліпбиді білмейтіндей жағдайға жеттік. Енді, осы мәселе қолға алынып, латын әліпбиіне көшу керек деген кезде бірден ауызбірлік бола қоймады. Біраз адам «біздің кириллицада жазылған тарихымыз, әдеби және рухани мұралардың барлығы араб жазуымен қалып қойған секілді, бұл да қалып қояр ма екен?» деген тақырыпта әңгімелер қаузады. Біразымыз осы ойда қалып қойғанымызбен, халықтың 95 пайызы латын әліпбиіне көшу керекпіз деген тоқтамға келді.
Латын әліпбиіне көшкен кезде бізден бұрын өтіп кеткен мемлекеттердің тәжірибесін пайдалану жөнінде жиі айтылып келеді. Әлбетте, тәжірибесін пайдалану керек, дей тұрғанмен олдардың қателіктерін қайталамауға жол бермеуіміз қажет.
Латын әліпбиіне өтуіміз керек – ол анық дүние. Талқылау күні кеше бастау алды. Ендеше, мұны көпшілік болып қолға алып, қолдауға тиіспіз. Ұсынылған 25 әріпте көпшілік ішінде түсінбестік тудырған, қолдау білдірген мәселелер де орын алды. Қандай жағдайда да көпшіліктің пікірімен санасу керек деп ойлаймын.
Біз нақты тәуелсіздікке қол жеткіздік, ал латын әліпбиіне көшу – рухани тәуелсіздікке қол жеткізуге жасалған алғашқы қадам болып табылады. Ендеше, осындай қадамдарымыз болашақта кеңейе берсін – деді Нүсіпбай Додабайұлы.

Мұнан кейін сөз алған облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбайұлы да уақытпен үндескен бағалы бастаманы қызу қолдайтындығын жеткізді. Өз сөзінде ол латын әліпбиіне көшу ұлт үшін қажетті мәселердің бірі болып табылатынын,парламенттегі алқалы жиында айтылған ұтымды ойлар мен ұсыныстар жалпы еліміз үшін жасалып жатқан игі қадамдардың бірі екендігін тілге тиек етіп, бұл жұмысты тиянақтылықпен, жауапкершілікпен соңына жеткізу керек деді.
Жиын барысында Алматы облысының Тіл» оқыту-әдістемелік орталығының директоры Әлмұхамбет Иманбақов, облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі Қажет Андас, «Алматы облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бөлім басшысы Данияр Жаныс сөз алып, тұщымды ойларын ортаға салды. Олардың айтуынша, қазіргі әліпби қазақтың тәуелсіздігі үшін жұмыс істеуі керек.

Келелі жиынды қорытындылаған облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Башбаев алдыда ауқымды жұмыс күтіп тұрғанын айтты. Сондай-ақ , Елбасымыздың мақаласында айтылған бағыт-бағдарларды басымдыққа ала отырып, әліпби ауыстыру кезеңдерін жүзеге асырсақ, дамыған отыз мемлекеттің қатарына көп кешікпей қосыламыз деді.

Мәліметпен бөлісу: