Ағымдағы жылдың қаңтар айында Д. ауылының орта мектеп директоры ауданның білім бөлімі басшысына жаңа жыл мерекесіне орай 2000 теңге ақшалай сыйлық табыс еткен.
Осыған ұқсас, С.ауылының орта мектеп директоры білім бөлімінің басшысына сый ретінде бір кітап және бір журнал табыстаған. Аталған сыйлықтардың құны 1950 теңгені құрады.
Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 676-бабына сәйкес, жеке тұлғалардың мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген тұлғаларға немесе оларға теңестiрiлген тұлғаларға заңсыз материалдық сыйақы, сыйлықтар, жеңiлдiктер беруi не қызметтер көрсетуі, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi болмаса, екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментімен ағымдағы жылдың маусым айында жоғарыда аталған мектеп директорларына хаттама толтырылды. Жиналған құжаттар Қ. аудандық сотына жолданып, қаулысына сәйкес орта мектеп директорларының әрқайсысына екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 481000 теңге айыппұл салынды.
Айта кетсек, облыста ағымдағы жылдың мамыр, маусым айларында жеке тұлғалар К. мен М. Іле және Қарасай аудандық кірістер басқармасының мамандарына анықтама алу үшін заңсыз сыйақы берген болатын. Аталған тұлғалардың әрқайсысына Қарасай мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысымен 336 700 теңге айыппұл салынды.
Сондай-ақ, тамыз айында заңсыз сыйақы беру дерегі Алматы облысының екі ауданында тіркелді. Аталған әкімшілік істерге қатысты тиісті жұмыстар жүргізілуде.
МҚІжСЖҚІҚА
Алматы облысы
бойынша департаменті