Алматы облысындағы балық шаруашылығы

Бүгінгі таңда балық шаруашылығы жалпы еліміздің және Алматы облысының экономикасының дамуына айтарлықтай үлес қосатын
перспективалық бағыттарының бірі.
Ағымдағы жылдың 1-ші жартысында балық ресурстарын қорғау саласындағы заң бұзушылықтың 141 фактісі анықталып, нәтижесінде 141
тұлғаға 2,4 миллион теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Оның қазіргі кезде 1,7 миллион теңгесі немесе 72 %-ы өндірілді. Заң бұзушылардан 42,2 тонна
заңсыз ауланған балық тәркіленіп, нәтижесінде балық ресурстарына келтірілген зиян үшін 1,4 миллион теңге көлемінде талап ұсынылды, оның 1,1 миллион теңгесі өндірілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Бахиянов Аян баяндады.
Жыл сайын мемлекет тарапынан балықтың өсімін молайтуға бюджеттен қаржы бөлініп, өсірілген балық шабақтары табиғи су айдындарына жіберіліп тұрады. Сонымен қатар, мемлекеттік тапсырыс арқылы балық өсімін молайту мекемелерімен облыс аумағында орналасқан табиғи су айдындарына шамамен 9,5 млн. дана құнды балық түрлерінің
шабақтары жіберілген. Аталған мақсаттарға республикалық бюджеттен 100
млн. теңгеге жуық қаражат жұмсалады.
«Еліміздің су айдындарындағы балық қоры шексіз емес екені барлықтарыңызға мәлім және бүгінгі таңдағы жалпы мемлекеттің және Ауыл шаруашылығы министрлігінің саясаты – балық аулаудан жасанды балық өсіруге көшу. Осыған орай, 2021 жылға акваөсірудің, яғни, балық өсіру
шаруашылығының мөлшері 1,5 мың тоннадан 5 мың тоннаға дейін өседі деп
жоспарлануда», — деп қорытындылады А.Бахиянов.

Мәліметпен бөлісу: