Қалтқысыз қызмет – абыройлы міндет

Өткен аптада «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты Сарқан аудандық филиалының кезектен тыс VІІ конференциясы болып өтті. Сарқан гуманитарлық колледжінің мәжіліс залында өткен жастар жиынына «Нұр Отан» партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Түсіпов, облыстық мәслихат депутаты Жамал Құлахметова, саяси кеңес мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары және жүз белсенді жас қатысып күн тәртібіндегі негізгі үш мәселені талқыға салды.

Олар «Жас Отан» жастар қанаты аудандық филиалының 2017 жылы атқарған жұмысы, ұйымның келер жылға жұмыс жоспарын талқылап, бекіту және облыстық есептік-сайлау конференциясына делегат сайлау. Көтерілген мәселелер бойынша негізгі баяндаманы «Жас Отан» жастар қанаты аудандық филиалының атқарушы хатшысы Аслан Күбентаев жасады. Аслан Нұрахметұлы өз сөзінде жастар ұйымының өңірдің өркендеуіне қосқан үлесі туралы жан-жақты баяндай келер жылы көздеп отырған нақты міндеттерімен бөлісті. Аталмыш мәселелер бойынша жарыссөзге «Парыз» Сарқан ауданының еріктілері жастар қоғамдық бірлестігінің белсенді еріктісі Айзада Смағұл және аудандық «Жасыл ел» штабының жасақшысы Аружан Узбекова шығып өз ойларын білдірді.

Жиында облыстық мәслихат депутаты Жамал Құлахметова сөз алып ел жетістігін еселеуге жас буын бар күш-жігерін жұмсайды деген сенімін білдірді. Кеңес қорытындысында конференция «Жас Отан» жастар қанаты аудандық филиалының 2017 жылы жасалған жұмысы қанағаттанарлық және келер жылға атқарылатын жұмыс жоспары бекітілсін деген қаулы қабылдады. Сондай-ақ аталмыш конференция облыстық есептік-сайлау конференциясына делегаттар құрамын бекітті. Сөздерінде жалын, көздерінде от бар, рухы асқақ, арманы биік, мақсаты нық жастар жиыннан халқымызға қалтқысыз қызмет ете береміз деп тарасты.

П.Жеңісхан.

Мәліметпен бөлісу: