Амандық Баталов зейнет демалысына қашан шығатынын айтты

Облыс басшысы биыл 69 жасқа толады

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов БАҚ өкілдерінің «Зейнет демалысына шығуға дайынсыз ба?» деген сұрағына жауап берді.

«Осы сұрақ жиі қойылады. Мемлекет басшысы осы лауазымды маған сеніп тапсырды. Оған менің күшім де, денсаулығым да жетеді. «Ертең сағат 12-де жұмыстан кетесің» десе, мен сол 12-ге дейін міндетімді адал әрі жауапты түрде атқарамын, халық үшін жұмыс істеймін және Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындаймын. Ал ертең кетемін бе, арғы күні ме, бір жылдан кейін бе, керек адам өзі ойланып, болжамын жасай берсін», – деп жауап берді облыс басшысы ОКҚ-дағы брифингте.

Еске салайық, Амандық Баталов 1952 жылдың 22 қарашасында дүниеге келген. Биыл 69 жасқа толады. Ол 2001-2008 жылдары – Алматы облысы әкімінің орынбасары, 2008-2014 жылдары Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2014 жылдың 20 тамызынан бастап Алматы облысының әкімі болып тағайындалды.

1 наурызда Azattyq Rýhy тілшісі Амандық Баталовпен сұхбаттасып, Алматы облысын басқарып отырған саясаткер ел аузында жүрген сұрақтарға жауап берді. Ашық сұқбат барысында өңір басшысы пандемия кезіндегі экономикалық-әлеуметтік жағдай, туризм, жол салуға қатысты жетістіктер мен кемшіліктерге тоқталды.

Мәліметпен бөлісу: