Қапалда жүн өңдеп, көрпе шығаратын этношеберхана іске қосылды

Қапалда жүн өңдейтін және ұлттық көрпелер шығаратын этношеберхана іске қосылды. Бұл туралы “Жетісу” газеті хабарлады.

Ақсу ауданы әкімдігінің мәліметі бойынша, шеберхана «Тамшыбұлақ» қорының жетекшісі Жанат Есімбековтың бастамасымен Қапал ауылында ашылды. Ауылдағы кәсіпкерлікті дамытып, жастарды кәсіпке үйретуге бағытталған әлеуметтік маңызы бар жоба «Азаматтық бастамаларды» қолдау орталығы КЕАҚ арнайы конкурсы шеңберінде берілген грант есебінен жүзеге асқан.

– Қазіргі уақытта өз кәсібіңді ашып, еңбек ету керек. Сондықтан, біз уақыт ағымына қарай өз кәсібімізді бастауға бел будық. Бағдарлама жеңімпазы атанып, қайтарымсыз несиеге қол жеткіздік. Ендігі кезекте ұлттық өнердің қайта жаңғырып, дамуына өз үлесімізді қосқымыз келеді, – дейді Ж.Есімбеков.

Жобаның жалпы құны – 500 мың теңге. Бүгінгі күні 2 жұмыс орны құрылып, 10 адам ұлттық өнердің қыр-сырын оқып-меңгеруде. Басты мақсат – ұлттық өнерді әдемі көрпелерге кестелей отырып дәстүрді қайта жаңғырту. Алғашқы кезеңде этношеберхана ауыл халқын өніммен қамтамасыз етуге бағыттайды.

***

Дәл осындай игі іс Қапшағай қаласында да жүзеге асуда. Көпбалалы ана Жанат Медетқызы да құрақ бұйымдарын жасаудың ескі технологиясын ойдағыдай дамытуда. 15 жылдан астам тәжірибесі бар қолөнер майталманы қапшағайлық бойжеткендерге өз білгенін үйретуде. Шебер тапсырысты Қазақстанның барлық қалаларына жеткізеді.

Жанат Медетқызының айтуынша, бір күнде цех тігіншілері 40-50 қалыңдыққа арналған жасау жүктерін тіге алады. Әрбір өнімге тігіншілер білек сыбана кірісіп, тапсырыстың сапалы шығуына барын салады. Тігіншінің ойынша, құрақ тігісі, көп уақытты қажет етсе де, көркемдік талғамды қажет ететін өте қызықты іс. Өйткені, түстер мен пішіндерді бір-бірімен үйлестіріп, үйлесімді үлгіге айналуы үшін таңдау керек. Құрақ жастықтар, көрпелер, жапқыш өзінің қанық түсті, сан түрлі оюларымен көптің таңдайын қақтырады. Цехта барлығы 20-дан астам өнім түрлері шығарылады.

– Әрбір өнер, әрбір пішіннің өзіндік мағынасы бар. Сондықтан әр жағдайға байланысты тиісті пішіндер бар. Көп жағдайда біз жастық, көрпе, төсек жапқышты ұлттық оюмен көркемдейміз. Ата-бабамыз қолданған оюмен өрнектейміз. Кей өнімге заман ағымына сәйкес өзгеріс те енгіземіз. Жас жұбайлар жинағын аққу, қос ғашықтың суретін салып не болмаса ізгі тілектер мен есімдерін жазып көркемдейміз. Қолымыз тиген әрбір өнімге жанымыздың бір бөлшегін сала кірісеміз, – деген шебердің айтуынша, ежелгі өнердің барлық шеберлерін тек өз ойын жүзеге асыру, өз ісін ашу, өз бизнесін дамыту ғана емес, ең алдымен өскелең ұрпаққа ата-бабаларының мол шығармашылық мұрасын, баға жетпес дәстүрлерін, тарихы мен мәдениетін сақтау және беру ниеті біріктіреді.

“ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ”

Мәліметпен бөлісу: