Ар-намысқа жүгінген

Жақыннан біліп, ас-суың араласқан сайын кейбір адамдар жан-дүниесінің жадағайлығымен өзіңнен алыс-тап, жат болып бара жатады. Ал араласпай алыста жүріп-ақ жақын тұтатын адамдарың болады. Осы мамыр айында жетпіс жасқа толып, айналасын оймен шолып отырған аға әріптесіміз белгілі қаламгер Болат Дәкер мен үшін өзіндік бітім-болмысымен жақын тартатын жандардың санатында. Себебі аға досымыз Болат Дәкердің адамгершілігіне, ақынжандылығына, ақкөйлек адалдығына сапарлас бола жүріп сан рет куә болғанымыз бар.

Болат Дәкер 1950 жылы Бақалы ауылында дүние есігін ашқан. Журналистік еңбек жолын Өскемен педагогикалық институтының тарих факультетін бітірген 1978 жылы Шығыс Қазақстан облыстық «Комунизм туы» газетінде бастады. Араға жылдар салып туған жеріне қоныс аударып, журналистік қызметін Талдықорған облыстық «Октябрь туы», «Жерұйық», Алматы облыстық «Жетісу» газеттерінде жалғастырды. Әр жылдары өзінің негізгі қызметіне қоса ҚР Журналистер одағы облыстық ұйымының жауапты хатшысы, «Жетісу алауы» әдеби-шығармашылық бірлестігінің төрағасы, «Азат» азаматтық қозғалысы облыстық ұйымының төрағасы міндеттерін де атқарып, еліміз тәуелсіздігінің баянды болуы мен ел дамуына айтарлықтай қызмет жасады.

Білетіндар айтады, ұстара қылыштан да өткір көрінеді. Бірақ ол қылыш сияқты бас алу үшін емес шаш алу үшін жаратылады. Журналист Болаттың ұстара тілді жазбалары да елге іріткі салу үшін емес елді біріктіру үшін жазылғаны анық. Өзі қызмет атқарған басылымдарда жарияланған проблемалық мақалаларының, ойлы очерктерінің, өлең-әңгімелерінің бәрінде де ол ел мүддесін көздеді. Сондықтан да оқырмандары оны білікті журналист, қарымды қаламгер ретінде таниды. Ой-армандарын Бөкеңмен бөлісіп, ел ішіндегі келеңсіздіктерді Бөкеңе жеткізуге асығып жүретін ауыл адамдарын кезінде жиі кездестіретінбіз.

Жазарман адамның жүрегінде ерекше бір шуақ болады және ондай шуағы жоқтар елеп-ескере бермейтін қуат болады. Болат ағамыз жанының шуағы мен қаламының қуатын орынды пайдаланды. Қаламгер-күрескер. Қолға қалам алған соң заманның, қоғамның, уақыттың бойындағы келеңсіздіктермен күреспей тұра алмайды. Сондай келеңсіздіктер журналист Болатты ұйқы-күлкіден қалдырып, амалсыздан шындық жолындағы күреске жетеледі. Біз мерейгердің сол жылдардағы жазбаларын саралағанда осы ақиқаттты ұғындық.

«Кешегіні қадірлемесең, бүгініңе қызмет етпесең, саған ертеңнің есігі тарс жабық»,-дейді айтулы ақын ағамыз Темірхан Медетбек. Шынтуайтында кешегіні қадірлеу дегеніміз-өткенімізге топырақ шашпау. Ел мен жердің, қоғам мен әлеуметтік ортаның жетістігі мен кемшілігін көрсеткен қаламгер Болаттың парасат-пайымын білу үшін кезіндегі «Октябрь туының», 90 — жылдардағы «Жерұйықтың» сарғайған беттерін парақтауымыз керек. Менің де мерейгер туралы жазу үшін ой-санамның мұрағатын ақтаруыма тура келді.

1980 жылы КазГУ-дың жур-фагының екінші курсын тәмамдап, өндірістік практикадан өтуге келдім. Майдангер редактор Ғайыс аға Егембердиевке жолдамамды тапсырып, редактордың орынбасарлары Елжас Бейсембеков, Әли Ысқабаевтардың нұсқауымен бөлімдерге бекітілдім. Бұрыннан келіп-кетіп жүргенде таныс-біліс болған сыралғы ағаларым Әбен Дәуренбеков, Тәкен Әліпбаев, Қанат Асқаров, Нұрғали Омарқұлов, Жұмахан Майтжанов, Болат Бисұлтанов, Жанат Дүкенбаев, Бейбітжан Нұрасылов, Ахат Баққожаевтар, ақын әпкем Светлана Буратаева жатсынбай қарсы алды. Солардың арасында «Мен Болат Дәкеровпын» деп танысқан ағамыз сол күні-ақ ақтарылып, ақжарылып, бұрыннан білетін сырмінез адамыма айналды. Сол жазғы шілденің соңында менің тұңғышым дүниеге келіп, қуанышты атап өту үшін редакцияға тиіп тұрған орталық бақтан орын тауып, ағаларымның бата-тілегін тыңдағаным есімде. Осы қуаныштың құрметіне редакциядағылар арнаулы қабырға газетін шығарып, «Сүйінші» деп өлең арнаған да Болат ағамыз болатын.

Содан соң-ақ облыс орталығына бара қалсам бағытым облыстық газет те, іздейтінім Болат ағамыз сияқты жаны жап-жарық адамдар болды. Ол адамдардың айналасында көлеңкелі сәт, кірбің қабақ болмайтын. Осындай жандардың жалынына жылынып, шуағына малынып жүріп біз де міне ұлғайып қалыппыз.

Болат Дәкеровтың облыстық Журналистер одағының жауапты хатшысы болған жылдары да жадымда. Белсенді. Жаңашыл. Аудандағы журналистерді назардан тыс қалдырмайды. Байқау да бар, жиыннан да кенде емеспіз. 1987 жылдың  ерте көктемінде Алматыға журналистердің республикалық семинарына Бөкеңмен бірге бүгінгі «Жетісудың» бас редакторы Әміре Әрін екеуміздің делегат болып барғанымыз да күні кеше сияқты. «Қазақстан» қонақ үйінде жата-жастанып, екі-үш күнге созылған семинарда баспасөздің бүгіні мен ертеңі жайында армансыз ақтарылғанымыз, сол сапарда Бөкеңнің көшелі басшылығымен Астананың мәдени-көпшілік орындарына барғанымыз естен шығар ма?

-Өткеннің өнегесін ұмыттық,- дейді ол әлі де баяғысынан танбай шынның жүзінен ауытқымайтын қалпымен. – Ортақ мүдде деген ұғым көмескіленіп, қарақан бастың қамын күйттеу әрекеті, осы әрекеттің ыңғайынан келіп туындайтын көзбояушылық, жемқорлық белең алуда. Қоғам өміріндегі сөз бен істің арасы қабыспай, даурықпа науқаншылдық, жалғандық өрістеп тұр. Сондықтан қарапайым халықтың билікке, саясатқа деген сеніміне, ертеңге деген үмітіне селкеу түсуде.

Мұндай уәжге келіспеске амалымыз жоқ.

Алла Тағала пендесін сынап көрейін деп оған қиындық пен ауыртпалықты жіберетін көрінеді. Өзгелерге қарағанда дарынды, таланттылардың еншісіне анағұрлым ауыр азап, анағұрлым тұзды сор тиесілі деседі. Осындай сынақты Болат ағамыз да көрді. Тосыннан жабысқан дерттің тақсыретін бір адамдай бастан кешті. Дегенмен сол азапқа мойымай, жігері жасымай, адалдығына мін, кісілігіне кір қондырмай жетпіс жасқа толып отырған әріптес ағамыз туралы айтар әңгімеміздің бір парасы осы. Аман болыңыз, Бөке, алдағы асуларға бірге қадам басуға жазсын дейміз біз.

Жомарт МАҚАТҰЛЫ.

Мәліметпен бөлісу: