
Мемлекеттік қызметшілердің ар-намысы мен қадір-қасиеті – мемлекет беделінің ажырамас бөлігі. Себебі мемлекеттік қызметші халық пен билік арасындағы алтын көпір саналады. Олар күн сайын азаматтармен жұмыс істеп, қоғамдағы тұрақтылық пен заңдылықтың сақталуына үлес қосады. Сондықтан мемлекеттік қызметшілерге қатысты кемсітушілікке, қорлауға немесе олардың ар-намысына тиетін әрекеттерге жол берілмеуі тиіс.
Ар-намыс пен қадір-қасиет – әрбір адамға тән ең жоғары моральдық құндылықтардың бірі. Мемлекеттік қызметші де ең алдымен азамат ретінде өз құқықтары мен бостандықтарына ие. Оның қызметтік міндетін атқару барысында ар-намысына нұқсан келтіру, жалған ақпарат тарату, көпшілік алдында кемсіту немесе беделіне күмән келтіру тек жеке тұлғаға ғана емес, жалпы мемлекеттік қызмет институтына деген сенімге әсер етеді. Сол себепті қоғамда мемлекеттік қызметшілерге құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру маңызды.
Мемлекеттік қызмет саласында әдеп нормалары ерекше орын алады. Әдептілік, сыпайылық, әділдік және жауапкершілік – әрбір қызметшінің басты қағидаты болуы қажет. Өз кезегінде мемлекеттік қызметшілер де халықпен қарым-қатынаста мәдениеттілік танытып, заң талаптарын сақтап, өздерінің кәсіби беделін жоғары деңгейде ұстауға міндетті. Себебі олардың іс-әрекеті арқылы азаматтардың мемлекетке деген көзқарасы қалыптасады.
