
Осындай тақырыппен 2022 жылдың 16 сәуірінде Алматыдағы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында ұлт зиялылары мен ғалымдар, педагогтар қатысқан қоғамдық талқылау өтіп, Талғар қаласында жаңадан салынған 1200 бала оқуға жоспарланған заманауи үлгідегі мектептің таза қазақ мектебі болуын қалайтын жұртшылық ұсынысы сарапталды. Аралас мектеп мәселесі біздің ауданға да жат еместігін ескеріп, қоғамдық талқылауда айтылған тың пікірлерді ортаға саламыз.
Алқалы жиында осы мәселені көтеріп жүрген бастамашыл ұстаз ҚР білім беру ісінің үздік қызметкері, Талғар ауданының Құрметті азаматы Камнұр ТӘЛІМҰЛЫ арнайы баяндама жасады:
— Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында мектептерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді басты назарда ұстау қажеттігіне баса назар аудара келіп: «Біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыра береміз», – деп соқырға таяқ ұстатқандай нақты айтып, тапсырма да берген еді. Сонымен бірге Мемлекет басшысы өзінің дәстүрлі Жолдауында: «Ата заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі. Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс. Бұл отаншылдықтың басты белгісі болып табылады», – деп тағы да қазақ тілін білу баршамызға ортақ міндет екенін ескертті. Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқан «Жаңа Қазақстанды» құрудың асыл діңгегі қазақ тілінің мәртебесін көтеруден басталатынын ұмытпайық! Аралас мектептен арылмайынша, ұрпағымызға ана тілінде толыққанды тәрбие бере алмаймыз, Тәуелсіздіктің тұғырын биіктету де мүмкін емес! Аралас мектеп деген бұл – дерт. Ұлтымыздың жазылмас жарасы. Тілімізді шұбарлап, бізді шүршіт жасаудың ең тиімді әрі төте жолы. Соншалықты ақылсыз болмасақ бұл үрдістің кешегі Кеңес үкіметінің кезінен келе жатқан кесел екеніне көз жеткізетін уақыт жетті ғой.
Осыдан бір ғасыр бұрын ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлы бабамыз: «Аралас мектептің санын арттыру ұлтты ұлт ретінде жоюдың бірден бір жолы» десе, Мұстафа Шоқай: «Бала қай тілде білім алса, түбі сол ұлтқа қызмет етеді» деген болатын.
Еліміздің 3 ірі мегаполисіндегі мектеп оқушыларының қай тілде білім алып жатқанына көз жүгіртіп көрелік. Мәселен, 2020-2021 оқу жылында елордада қазақ сыныбында – 108 мың, орыс сыныбында 85 мың бала оқыған. Ал Шымкентте қазақ сыныбында – 152 мың, орыс сыныбында – 54 мың, тіпті өзбек сыныбында 20 мың бала білім алыпты. Алматыда қазақ сыныптарындағы (140 мың) оқушыдан орыс сыныбындағылар (153 мың) басым болып шықты. Ақмола облысында да сол, 555 жалпы білім беретін мектептің 157-сі ғана қазақша, 217-і аралас. Бір қызығы, тәуелсіздік алғалы Көкшетауда жаңа қазақ мектебі 2018 жылы бір-ақ салынған. Соны қосқанның өзінде қалада мемлекеттік тілде білім беретін 4-ақ мектеп бар екен. Шығыс Қазақстан облысында 337 қазақ мектебі, 140 орыс мектебі, 167 ара¬лас мектеп бар. Қарағанды қаласының өзінде 12 мектеп таза орыс тілінде берсе, 10 мектеп тек қана мемлекеттік тілде оқытады. Ал аралас мектеп саны – 56. Жергілікті 30 мыңнан астам қазақ баласы орыс мектебіне барып жүр деген сөз. Павлодар қаласында өткен жылы 7 қазақ, 12 орыс мектебі, 18 аралас мектеп болған. Одан бері де ештеңе өзгерген жоқ. Жергілікті белсенді азаматтар ата-аналардың дені қазақ мектебінен гөрі аралас мектепке барғанды құп көретінін айтады.
Мектеп- ұлттың келешегі, келбеті, бет-бейнесі мен беделі. Білімнің бастау бұлағы, ұлтымыздың жанар шырағы, негізгі қайнар көзі! Бұлақ пен бастау таза болмаса, одан сусындап өскен ұрпақтың рухы да тазармайды. Олар да қанаттары қатып, бұғанасы бекімей жатып, осы дертпен яғни, өзінің туған ана тілінде сөйлей алмайтын рухани дертпен ауыратын болады. Ал өзіміз қолдан жасап беріп отырған ол дертті өмір бақи емдеп жаза алмайсың. Қазақ тілінде сөйлемейтін, тіпті сөйлей алмайтын, сөйлесе де немқұрайлы, «басын жарып», «көзін шығарып» тілді бұзып, шұбарлайтын шүршіттердің санын ғана көбейтеміз. Бұны бізге осы күнге дейінгі өмір тәжірибесінің өзі көрсетіп отырған жоқ па? Мұндай кері кеткен керенаулық пен келеңсіздік кімге керек сонда? Не үшін керек? Тәуелсіздік алдық дегенімізге 30 жыл болды десек те, әлі есімізді жиып, етегімізді жауып үлгермедік қой. Үш ғасырға жуық жүргізілген орыстың отарлау саясаты мен ұлттың қамын ойлаған Алаш арыстарын «халық жауы» деп жаппай қырғынға ұшыратқан кеңестік жүйенің кесапатын көрген қазағым қашан оянасың? Әлі күнге дейін орысқұлдық саясаттың шырмауынан шыға алмай шыр-пыр болып жүрген мемлекетті құрушы негізгі ұлт болып саналатын қазақ халқының жанын жегідей жейтін «аралас мектеп» сияқты сыртын сылап тұрсаң да, ішің жылап, сылағы құлап тұратын санамызға еркімізден тыс зорлап таңған «кеңестік интернационализмнің» жалған сарқыншағы осы «аралас мектеп» емес пе? Біз алдыңғы аға буын өкілдері келешек жастарымыздың алдында бәріміз де жауаптымыз. Бүгінге дейінгі ұлтымыз шеккен зардапты болашақ жастарымыз шекпесін десек, аралас мектептерді ашу емес, оның азайып жоқ болып жойылуына барынша күш- жігерімізді салуымыз керек.
Бойында қазақтың қаны тулаған, халқы шеккен қасіреттен хабары бар, ұлтының намысы мен ұрпағының болашағын ойлайтын, ұлтын сүйген ұжданы бар бүгінгі буынның басты парызы-еліміздің ертеңі үшін келешектің іргетасын қалауға жеке өнегесімен үлес қосу.
Баяндамада көтерілген басты мәселеге орай ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек ИСА «Қасқыр мен қойды бір қораға қамасаңыз, қайсысы зиян шегеді – аралас мектепте де қазақ сыныбы солай зиян шегеді. Себебі біздің билік — орыстілді»,- деді.
Жазушы-публицист Марат ТОҚАШБАЕВ:
«Статистикаға сүйенсек, Қазақстандағы қазақ халқының саны 70,2 пайыз болды. Яғни қазақтың саны жалпы халық санының 2/3 бөлігінен асты. БҰҰ – ның қағидаттарында жергілікті халық барлық халықтың 2/3 бөлігінен асса, ол көпұлтты боп саналмайды. Демек Қазақстан – моноұлтты мемлекет. Сондықтан қазақ мектептерінің басым болуы әбден құптарлық іс.»
Тарих ғылымының докторы, академик Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ:
«Егер терең зерделеп, бір тоқтамға келмесек, бүкіл ұлтымыз жойылып кетеді. Конфуций айтқан екен: «Егер тіл өзінің мағынасын жоғалтса, онда ұлт азаттығынан айырылады»,- деп. Біздің тіліміз өз мағынасын жоғалтып келе жатқанын түсінбейміз бе? Осы тіл мәселесінде үкімет халықтың сөзіне құлақ аса ма, онымен бір бағытта ма?»
Мемлекет және қоғам қайраткері Амалбек ТШАНОВ:
«Аралас мектептің кесірінен ұрпағымыздың бәрі дүбәрә болды. Бірімізді – біріміз түсіне алмаймыз, арада байланыс жоқ. Байланыс үзілсе, ұлттық рух, ұлттық құндылық үзіледі»
Актер Байғали ЕСЕНӘЛИЕВ:
«піл мен атты арбаға қатар жегіп, баратын жеріңе өсіп кетсең де уақытында жете алмайсың, бәрібір пілдің дегені болады. Сондықтан ең бірінші аралас мектептерді жабуға күш салуымыз керек»
Қоғамдық талқылауға қатысушылар жиын соңында Қазақстан билігі мен халқына үндеу жариялап, халық сұранысының қанағаттандырылуын талап етті.
Көкейкесті мәселені «Қазақ әдебиеті» (№16, 22 сәуір, 2022 ж.) газетінің материалдары бойынша дайындаған Жомарт Игіман.
