Ардагерлер бас қосты

Өткен жұмада ардагерлер үйінде аудандық ардагерлер ұйымының кезекті IV-ші пленумы өтті. Жиынға аудан әкімі М.Разбеков, аудандық мәслихат хатшысы Қ.Абдрахманов, мекеме-ұйым басшылары мен ардагерлер шақырылды.

Жиылысты аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Қ. Жанасбеков ашты. Күн тәртібінде үш мәселе: «Ардагерлер ұйымының» Республикалық қоғамдық бірлестігі VІІ-ші съезінің және Алматы облысы «Ардагерлер ұйымы» филиалының VІІ конференциясының шешімдерінен туындаған аудандық ардагерлер ұйымының 2018 жылы атқарған іс-шаралары және 2019 жылғы міндеттер, 2019 жылға аудандық ардагерлер ұйымының жұмыс жоспарын бекіту, ұйымдастыру мәселелері қаралды.  

Бірінші сұрақ бойынша аудандық әжелер алқасының төрайымы Ш. Асқарғалиева 2018 жылы атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Баяндамашының сөзінше былтырғы жылы ардагерлер ұйымымен әжептәуір іс атқарылған. Соның ішіндегі ең сүбелісі қарт адамдар бас қосатын, толғақты мәселелерін кеңесе отырып шешетін Ардагерлер үйінің салынуы. Сонымен қатар өткен жылы 8 төралқа отырысы өткізілген. 

Жарыссөзге аудандық аурухана бастауыш ардагерлер ұйымының төрайымы Роза Алиева шығып, 120 ардагердің басын қосып отырғандарын, мамыр, қазан айларында ашық есік күндерін өткізгендерін, ауруханада терапия, хирургия бөлімдерінде ардагерлер палатасы ашылып, жұмыс жасауда екендігін жеткізіп, ағымдағы жылы атқарылатын шаралармен таныстырды. Келесі жарыссөзге жазылған  Қарашыған ауылдық округінің бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Кәдірістан Құдайбергенов болса 6 ұлт өкілі, 1100 халық, 270 үйден тұратын округтің хал-ахуалын мәлімдеп, береке-бірлік бар жерде тірлік болатынын айтып, атқарылған, атқарылатын шаралармен көпшілікті таныстырды.  Өз кезегінде аудан әкімі Марат Мелісұлы Разбеков болса өз сөзінде «Өсетін елдің қарты қазына болар» деген тәмсілді еске салды. Зейнеткерлікке шықсаңыздар да  қоғамдық шаралардан тысқары қалмайсыздар деп аудан әкімдігі ардагерлер кеңесімен тығыз байланыста қызмет атқаруда екендігін мәлімдеп  белсенді қызметімен ұйым жұмысына атсалысып жүрген  бір топ ардагерлер атап айтқанда Райкамал Ахмадиева, Галина Нижникова, Мереке Мандильдановаға Алғыс хат табыстады.

Ал аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Қадыл Тұрысбекұлы ұйым қызметіне қол ұшын созып жүрген аудандық білім бөлімінің басшысы П. Иманғазиеваға алғысын білдірсе, Черкасск ауылдық округі бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Т. Битембиев ауданнан шыққан жерлесіміз, тарихшы, тұңғыш инженер М. Тынышбаевтың туғанына 140 жылдығын лайықты дәріптесек деген ой білдірді.

Ж. ЖОМАРТҰЛЫ.  

Мәліметпен бөлісу: