Алғыс айту күнінде, наурыздың 1-інде Сарқан ауданының орталығында Ардагерлер үйі ашылды.Бұл ғимарат Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында атап көрсетілген «Туған жер» бағдарламасы аясында аудан әкімінің ұйымдастыруымен, аудан кәсіпкерлері мен мекеме-ұйымдар ұжымдарының қаржылай қолдауымен қысқа мерзімде бой көтерді.
А рдагерлер үйінің алдындаөткен жиынды аудан әкімі Ерғазы Қошанбеков кіріспе сөзбен ашып, Алматы облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, «АСПМК» ЖШС бас директорының орынбасары Павел Немытов, Алматы облысы денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Тұратбек Шарапиев жиналған қауымды аға буын өкілдері бас қосатын орталықтың ашылуымен құттықтады. Осы құрылысты жүргізген «Механикаландырылған жұмыс» ЖШС-нің директоры Сабыр Қадырұлы ғимараттың символдық кілтін Сарқан аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Қадыл Жанасбековке табыс етіп, Ардагерлер үйінің лентасы салтанатты түрде қиылды.
Бұдан соң жаңа ғимараттың мәжіліс залында басқосу өтіп, игі істің бел ортасынан көрінген басты демеушілер марапатталды.
-Ардагерлер үйінің атауы жаңа латын қарпімен айшықталған. Барлық бөлмелері заманауи сипатта жабдықталған. Мәжіліс залының төріндегі Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билердің портреттері мен бірлік пен берекеге үндейтін ұлағатты сөздері көз тартады. Мұнда аға буын өкілдерінің бас қосып, елдік мүддені көтеріп, шахмат, дойбы, тоғыз құмалақ ойындарынан сайыс өткізулеріне мол мүмкіндік бар,-дейді аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Қадыл Тұрысбекұлы.
Жаңа ғимараттың ашылуына келген көпшілік ақсақалдарымыз бен ақ жаулықты аналарымыздың бас қосатын орталығының ел игілігіне ұсынылғанына дән риза болды.
Ж.МАҚАТҰЛЫ.