Жуырда аудандық ардагерлер ұйымының VIII есеп-беру конференциясы өтіп, алқалы жиынға аудан әкімі Талғат Қайнарбеков, аудандық мәслихат хатшысы Марат Разбеков, аудандық «Нұр Отан» партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Аслан Абдрахманов, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Қадыр Абдрахманов, аудандағы бастауыш ардагерлер ұйымынан сайланған делегаттар, қала, ауылдық округ әкімдері және аудандағы халыққа қызмет көрсететін мекеме, кәсіпорын басшылары қатысты.
Конференцияның күн тәртібіне Сарқан аудандық ардагерлер кеңесінің 2016-2021 жылдар аралығында атқарылған жұмысы туралы есебі, тексеру комиссиясының есебі, пленум және кеңес мүшелерін сайлау, тексеру комиссиясын сайлау, облыстық ардагерлер ұйымының конференциясына делегаттарды сайлау сынды бірқатар мәселелер қойылды.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қадыл Жанасбековтың баяндамасында ауданымыздағы бірде –бір саяси экономикалық, әлеуметтік, мемлекеттік, халықтық ірілі—ұсақты шаралар ардагерлердің белсенді қатысуынсыз өтпейтіндігін жеткізді.
Аудан әкімі және аудандық мәслихаттың хатшысы ҰОС-ның ардагерлерін және ғасыр куәгерлері 100 жастан асқан әжелерімізді жыл сайын жеңіс күнімен, халықаралық әйелдер мерекесімен және халықаралық қарттар күнімен арнайы кұттықтап, материалдық тұрғыда сый сияпат көрсетіп тұрады. Ардагерлер ұйымының ұсынысымен, Ұлы Жеңістің 75 жылдық құрметіне ҰОС-ның ардагері Ысқақов Берлібекке аудан орталығынан үш бөлмелі үй берілді. Ауданымыздағы 139 жалғыз басты ардагерлерге, оның ішінде 6 мүгедекке әлеуметтік қызметшілер көмек көрсетеді.
Қоғамдық іс-шаралардан тыс қалмайтын қоғамдық ұйымдардың бірі құрамында 15 мүшесі бар аудандық әжелер алқасы. Аудандағы Сүдербаева Есбала, Қарабаева Майра сынды әжелеріміз бен аналарымыз, қазыналы қарияларымыз отбасындағы бала тәрбиесіне зиялылық пен сүйіспеншілік танытып, жоғарғы жауапкершілік көрсетіп келеді.
Аудандық ардагрелер ұйымының бастамасымен орталық аудандық аурухана басшыларының қолдауымен жыл сайын Тәуелсіздік және халықаралық карттар күні қарсаңында зейнеткерлерге, ҰОС ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне жеңілдік жасалып ашық есік күні өтеді. Екі күн бойы аға буын өкілдері флюроография, УЗИ-ден, ЭКГ-дан және томографиядан тегін өтіп, қан мен көз қысымдарын, қан құрамындағы қанттың мөлшерін айқындауға мүмкіндік табады.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша аудандық ардагерлер ұйымының тексеру комиссиясының төрағасы Аманжол Шонжыкенов 2016-2020 жыл аралығындағы қаржы-қаражат мәселесін сараптап, есеп-қисап жұмыстарының заңдылығын айқындап берді.
Баяндамалар бойынша жарыссөзге Аманбөктер ауылдық округінің бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Мәлике Жантасова, аудандық жастар ресурстары орталығының маманы Айым Ержан қатысып, бастауыш ардагерлер ұйымының, жастар орталығының жұмыстары туралы қатысушыларға мағлұмат берді. Күн тәртібіндегі бірінші және екінші мәселелер бойынша қаулы қабылданды.
Конференцияда пленум және кеңес мүшелері сайланып, аудан әкімінің Қадыл Тұрысбекұлы Жанасбековты келесі есептік кезеңге дейін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметіне қайта сайлау туралы ұсынысы жаппай қолдау тапты. Сондай-ақ алқалы жиында облыстық ардагерлер ұйымының конференциясына делегаттар сайланды.
Өз тілшіміз.