Сарқан аудандық «Ардагерлер ұйымы» филиалының қаңтар айының 27-сі күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында ІІІ пленумы өтті. Пленум жұмысын аудан әкімінің орынбасары Алмас Байгунысов жүргізіп, аудандық «Ардагерлер ұйымы» филиалының төрағасы Қадыл Жанасбеков есепті баяндама жасады.

Пленум жұмысына Сарқан ауданының «Құрметті азаматтары», қала, ауылдық округтерінің әкімдері және халыққа қызмет көрсететін мемлекеттік мекеме, кәсіпорын басшылары қатысып, күн тәртібіндегі мәселелер талқыланды.
Республикалық қоғамдық бірлестігі «Ардагерлер ұйы-мының» кезектен тыс ІХ-ші съезінің және Жетісу облысы «Ардагерлер ұйымы» филиалының нұсқаулары мен шешімдерін орындау барысында және 2022 жылға арналған жоспарға сәйкес есепті кезеңде Сарқан аудандық «Ардагерлер ұйымы» филиалы ауқымды іс-шараларды атқарды. Атап айтқанда аудандық кітапханада, жастар ресурстар орталығында жастармен кездесіп, олардың сұрақтарына тұшымды жауап берді. Ең бастысы,жаңарған бақуатты ел болу, әділдік үстем құратын демократиялық қоғам құру жастардың өз қолында екеніне көздерін жеткізуге ұмтылды.
Есепті жылдың басында ауданымызда 5786 зейнеткер ардагерлер бар, оның ішінде 90-100 аралығында – 42, 80-90 – 438, 70-80 жас аралығында 1385 ардагер, ал орта буын 63-70 жас аралығында 3921 зейнеткер бар.Әр үйде 1-2 зейнеткер ата,апалар бар. Ауданымызда 3 ҰОС-ның ардагерлері және ғасыр жасаған аналарымыз Заманбекова Рамиля, Қарсыбаева Қанша, Белдеубай Алтынхан қазіргі кезде бірнеше шөбере,шөпшек көріп отыр. Ауданда 768 ана «Алтын, Күміс» алқа иелері.
Төралқаның алғашқы отырысында мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қ.Р Парламенті мәжілісінің отырысында сөйле-ген сөзі «Қасіретті қаңтар» сабағы: қоғам тұтастығы тәуелсіздік кепілі атты мақаланы алқа мүшелеріне таныстырылып, болған жағдай жан жақты талқыланып түсіндірілді. Алқа мүшелері президент Қ.Тоқаевтың бастамасын әр-қашан қолдайтындарын білдіріп, халық арасында береке-бірлік, тыныштық пен тұрақтылықты сақтауға аянбай жұмыс істейтіндерін білдірді.
2021-2022 оқу жылы аралығында «Ата-бабалар дәстүрі-ұрпаққа аманат» атты бағдарлама аясында оқушылар мен жасөспірімдер арасындағы тәрбие жұмысы басты назарда болды. Мектеп басшыларымен, ата-аналар комитетімен жиі кездесіп, тығыз байланыс орнады. Нәтижесінде, осы аралықта жастар тарапынан аудан көлемінде бірде бір құқық бұзушылық тіркелмеді.
Наурыз мерекесіне орай облыстық ардагерлер ұйымының бастамасымен және облыстық тіл басқармасының қолдауымен «Батагой» сайысы ұйымдастырылған еді. Осы сайысқа ауданымыздың «Құрметті азаматы» Сүлейменов Қожамсейіт қатысып облыс бойынша бірінші орынды жеңіп алды. Ардагерлер ұйымының құрылғанына 35 жыл толуына орай «Өнерім- өмірім» атты тақырыпта ардагерлер арасында ән фестивалі барлық бастауыш ардагерлер ұйымдарында өткізіліп, қорытынды концерті аудандық мәдениет үйінде жұртшылық назарына ұсынылды.
Аудандық «Ардагерлер Ұйымы» филиалы бұдан әрі де ардагерлердің мүддесін қорғауда, жас ұрпақ тәрбиесіне, жалғыз басты қарттарға қайырымдылық көмек ұйымдастыруға және ұлтаралық татулықтың тұрақтылығын нығай-туға арналған жұмыстарды жалғастыра бермек.
Баяндамадан соң жарыс-сөзге шыққан Сарқан қалалық округінің «Ардагерлер ұйымының» төрағасы Алибек Ерболаев, «Қанатжан» ЖШС бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Жәлел Сасанбаев, аудандық жастар ресурстық орталығының бас маманы Мұрат Шыңғыс, Сарқан ауданы әкімінің орынбасары Алмас Байгунысов ардагерлер ұйымының жылдық есебіне баға берді.
Пленум қорытындысында жиналғандар аудандық «Ардагерлер ұйымының» 2023 жылға бекітілген жұмыс жоспарымен танысып, белсенді ардагерлердің бір тобы Алғыс хатпен марапатталды.
Өз тілшіміз