Арманы асқақ, жұмысы нәтижелі

Сарқан қаласының тұрғыны Ақмарал Бекшураева мемлекеттік қолдаудың арқасында ем-дәм (диетический) асханасын  ашты. 2019 жылы ол кәсіп бастау ниетімен аудандық кәсіпкерлер палатасына жүгініп, кәсіпкерлік негіздері бойынша «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Бастау бизнес» оқыту жобасына жазылды. Кейініректе жеміс-жидек саудалайтын дүкен ашты.

Оқу барысында Ақмарал Бауыржанқызы бизнесті дамыту үшін  жоба әзірлеп,  нәтижесінде «Бастау бизнес» бағдарламасы аясында 500 мың теңге көлемінде грантқа ие болды.

– Жастайымнан анам Ғалия Бекшураева асхана ұстады. Сол кісінің қасында жүріп 8 жасымда лағман созуды, тағы басқа да тамақ өнімдерін жасауды үйрендім. Теміржол институтын бітіргеннен кейін жолсерік мамандығын алдым. Алайда кішірек кезімнен жүрек қалауым қоғамдық тамақтандыру орнымен байланысты болды.  «Атамекеннің» аудандық филиалы тарапынан Нұр-Сұлтан қаласынан  арнайы келген  келген бизнес-тренер Досан Кәумен маған бизнесті ашу және дамыту үшін жан-жақты қолдау көрсетті. Сөйтіп өз ісімді аштым. Алайда бүкіл әлемді жаулаған пандемия салдарынан кәсібімді тоқтатуға мәжбүр болдым.  Бір жыл бұрын сауда орнын ұзақ мерзімге жалға алып, берекелі болсын деп жеміс-жидек сататын «Баракат» деген дүкен аштым, – дейді Ақмарал Бауыржанқызы.

Осыдан үш ай бұрын Ақмарал Бекшураева 5 тонналық үлкен жүк көлігін сатып алып әр сенбі Жансүгір ауылында, жексенбі күні Қабанбай ауылына барып алғашқы қажеттіліктегі өнімдерді жәрмеңке арқылы өткізеді. «Баяғыдан келе жатқан арманым – асханалар желісін ашып жағдайы төмен адамдарға, көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету» дейді кейіпкеріміз. Кәсіпкерлік салада нәсібін теріп, отбасын асырап, Алматыдағы Алтын Орда базарына барып, дүкеніне қажетті жеміс-жидекті өзі әкелетін Ақмарал Бауыржанқызының арманы асқақ болуын тілейміз.

Ж. ЖОМАРТҰЛЫ.

Мәліметпен бөлісу: