Қарттарым – асыл қазынам

Халықаралық Қарттар күні біздің ауданда он күн бойы тойланды. Аудан әкімі Марат Разбеков атаулы күн аясында майдангерлер  Берлібек Ысқақов, Геннадий Федорович Ульянов, Алексей Федорович Галкиннің үйлерінде болып, сый-сияпат ұсынып, мерекелерімен құттықтады. Ізгілікке толы қарттар күні мерекесіне орай Сарқан ауданының әкімі ғасыр жасаған қарияларымыздың да хал-жағдайларын сұрап, арнайы барып, дәстүрлі мерекелерімен құттықтап, гүл шоқтары мен сыйлықтарын табыстады. Ғасыр жасынан асқан Қанша Қарсыбаева, Хафия Ахметова, Рамиля Заманбекова билік өкілдерінің құттықтауларын қабыл алды. Олардың ізін басып 80-90 жас аралығындағы Құсайын Теңізбаев, Николай Сергеевич Косулин, Сафиулла Абдулович Садиев, К.Баймұхамбетова, Екатерина Владимировна Безнедельная, Анастасия Ивановна Павличенко, Полина Яковлевна Кошман, Қаншайым Көкбаева, Шакен Жұманова, Кәукер Салқынбайқызы Колубекова және басқалар келеді. 

Қазан айының 3-інде аудандық кітапханада «Қарттарым-асыл қазынам» атты әдеби-танымдық шара өтті. Бала кезімізде ақ сақалды аталарымыз бен ақ шашты әжелеріміздің “Жасымда қаншалықты бейнет берсең, қартайғанымда соның зейнетін көрсете көр”, – деп жаратқанға жалбарынып отырғандарына талай куә болдық. Бұған қоса олар адам баласының әдемі қартая білуінің өзі баға жетпес бақыт екенін әр сөздеріне тұздық ететін. Сол уақыттары бұл қылықтарына күле қарап, кәрі адамға әдеміліктің не қажеті бар дейтінбіз. Сөйтсек қарттар сөзінің жаны бар екен. Адамның жаратылғаны секілді әркімнің әртүрлі қартаятыны заңдылық. Біреулер шау тартқан шағында үрім-бұтағының ғана емес күллі жұрттың ықыласына бөленіп, ардақтысына айналса, кейбіреулердің бала-шағаның берекесін қашырып жүріп берекесіз шал-кемпір атанатыны шындық. Қалай дегенде де Алланың берген ғұмырын әркім өз ақыл-парасатымен мәнді етпек.

Сондай ақыл-парасаты жарасқан қазына қарттарымыз кітапханамыздағы ақ пейілімізбен, ақ дастархан жайып қарсы алған кітапханашылардың сыйлы қонағы боп қайтты. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қадыл Жанасбеков,  ардагер ұстаз Каукер Колубекова өмір жолындағы өнегеге толы ақыл-кеңестерімен бөлісті. Оқырмандар сол күні «Қарттарым-асыл қазынам» тақырыбындағы кітап көрмесін тамашалап, кітапханаға жаңадан түскен әдебиеттермен танысты.

Мұндай басқосулар ауданымыздың көптеген мекеме-ұйымдарында өтті. Солардың ішінде ауданның жұртқа танымал қарияларының басын қосып, ізгі тілектерін арнап, өлеңнен-әннен шашу шашқан Сарқан политехникалық колледжінің директоры Нұрахмет Маткаримовқа алғысымыз шексіз.

Айта кету керек, аудан басшысы Марат Мелісұлы қарттар күніне орай барша ардагерлерге Сарқан қаласындағы «Атамекен» мейрамханасында үлкен ас берді.

-Ауыр күндердегі адал еңбектеріңіз бен белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз үшін бас иіп алғыс білдіреміз!-деді аудан басшысы. —  Сіздерге мықты денсаулық, бақыт, ұзақ ғұмыр тілейміз!

Осы басқосуда елді мекендерден келген қарияларымыз ақ тілегін ақтарып, қашан да елеп-ескеріп, ақыл-кеңестерін сұрап жүретін Марат Мелісұлына  әкелік-аналық алғыстарын жаудырды.

Біз, ардагерлер аудандағы қоғамдық жұмыстардың қашан да бел ортасында жүреміз. Он жылдан бері ауданымызда «Ата-бабалар дәстүрі — ұрпаққа аманат» атты бағдарлама жүзеге асырылып, атадан балаға мұра болып келе жатқан ата дәстүрді жалғастыруға белсене араласудамыз. Сонау соғыс жылдарында, соғыстан кейінгі кезеңде дүниеге келген апаларымыз ұрпақ өрбітіп, «Батыр ана» атанып, еңбектен де қалмады. Бүгінгі таңдағы ауданымыздағы 400-ден астам көп балалы аналар көш басындағы Зағила Шөнжікенова, Саруайса Менгельбаева, Тиыштыжамал Кәрімова, Рысжан Абдразақова, Патсай Смаилова, Нұршат Ибрагимова, Нуриман Кенжеғұлова аналарымыздың ұрпақтары тәуелсіз мемлекетіміздің экономикасын дамытуға үлес қосып, халыққа қызмет көрсетуде.

Ардагерлер кейінгіге өнеге болып, жас-тарымыз ата-анасын қадірлеп, бақуатты тұрмыс кешуге мұрсат берген тағдырымызға алғысымыз шексіз.

Ш.Асқарғалиева,

аудандық «Әжелер алқасының» төрайымы.

Мәліметпен бөлісу: