Өскелең ұрпақты өткенді қадірлей білуге, үлкенге өнеге көрсетіп, аға буын жүріп өткен жолдан өнеге алуға үндейтін 1-қазан-Халықаралық қарттар күні қарсаңында Бақалы ауылында 120 адамға арналған дастархан жайылды. Алғашқылардың сапында ардагерлерін ардақтап жатқан ауылға біз де барып риясыз ықылас пен шексіз құрметке куә болып қайттық.
Аталмыш округ әкімшілігінің ұйытқы болуымен ауылдық мектеп пен амбулатория ұжымдарының демеушілігімен айтары бар ардагерлеріміз ақ дастархан басында емен-жарқын әңгімелесті. Алдымен ауыл әкімі Арын Күрішбаев «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» атаулы шара шымылдығын құттықтау сөзбен ашып, 40 жыл ауылдық мал дәрігері қызметін мінсіз атқарған Тоқмурзина Күлпашқа аудан әкімінің алғыс хатын табыстап сый-сияпат көрсетті.
Сондай-ақ шараға қатысқан аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Қадыл Жанасбеков біраз жыл ауылдық округте ардагерлер кеңесін басқарған Сапарғали Садыбаевты денсаулығына байланысты демалысқа шығарып салды. Қадыл Тұрысбекұлы ардагерді көп көзінше ардақтап қазақы дәстүрмен иығына шапан жауып құрмет көрсетті. Жиынға арнайы барған аудандық мәслихат хатшысы Қадыр Абдрахманов қарияларды айтулы күнмен құттықтап қазына кеуде қарттарға деген ақ тілегін өз сөзіне арқау етті. Ақ дастархан басындағы ақ тілектер ауыл өнерпаздары дайындаған мерекелік концертпен көркемделіп келер жылғы осынау мерекеге аман-есен жете берейік деген тілекпен түйінделді.
Жер-жерде өткізіліп жатқан Халықаралық қарттар күні аясындағы ардагерлерге деген құрметтің легін апта басында аудандық орталық аурухана жалғады. Өмірін түбегейлі денсаулық саласына арнап құрметті зейнеткерлікке ақ халат жамылып шығатын ардагерлерін аудандық орталық аурухана әкімшілігі ұмытқан емес. Жыл сайын тұрақты түрде өткізілетін салтанат шымылдығын биыл орталық аурухананың бас дәрігері Алтай Шұлғаубаев құттықтау сөзімен ашса, ақ тілектер желісін аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Қадыл Жанасбеков, аудандық орталық аурухананың ішкі аудиттің эксперт-дәрігері Иманғали Мырзашев және т.б. әріптестері жалғады. Аудандық мәдениет үйі қызметкерлерінің сүйемелдеуімен ақ халаттылар ардагерлеріне мерекелік концерт ұйымдастырды.
Өз тілшіміз.