«Қарты бардың – жұрты бар». Бұл бағзыдан қалған баба сөзі. Жұрты қазыналы қартын сыйлап, қамқорлық көрсетсе, әрине, нұр үстіне нұр! Бұл мерекенің мағынасы – қарияға қамқорлық, көмек көрсету. Ізет пен сый-құрмет сияқты құндылығы тереңде. Еліміздің түкпір-түкпірінде игі шаралар өткізілуде. Дәл осы сипаттағы мереке Лепсі ауылында да аталып өтті.
Сәрсенбінің сәтті күнінде Лепсі ауылында, Мәдениет үйінің төрінде, мәдениет үйі қызметкерлерінің бастауымен «Қарты бар ел – қазыналы ел» атты мерекелік онкүндік іс-шарасының ашылу кеші өтті.
«Қарты бар ел – қазыналы ел» екендігін алға тарта сөйлеген ауыл әкімі Гүлнар Серікбаева соғыс және тыл еңбеккерлерінің келер ұрпақ үшін көрсеткен ерен еңбегі ешқашан ескерусіз қалмайтынын айтты. Ауыл басшысының сөзін әрмен қарай К.Ушинский орта мектебінің директоры Берік Оразгельдинов, №54 орта мектебінің директоры Медет Керей, М.Төлебаев мемориалдық мұражайының директоры Ақжібек Жұматаева жалғап, өз тілектерін білдіріп, еңбектің зейнетін көріп отырған шақта әр ұрпаққа игілік пен ізгіліктің, пайым-парасаттың үлгісін танытқаны үшін алғыстарын білдірді. Қарт кісіні құт-береке деп танысақ – ол ұрпақ көрегендігі.
Мадина АЙТОВА.
Лепсі ауылы.